ШЫМКЕНТТЕ ӘЛЕУМЕТТІК ТҰРҒЫН ҮЙ САНЫ АРТАДЫ
Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов құрылыс басқармасының есебін тыңдады. Жиналыста басқарма басшысы Ә.Рабаев 2022 жылы қала аумағында бюджет есебінен құрылысы жүргізілетін және жобалау-сметалық құжаттамалары әзірленетін нысандар туралы баяндады.
Оның айтуынша, қалада әлеуметтік несиелік тұрғын үй санын көбейту мақсатында 2026 жылға дейін бюджет есебінен 1 миллион шаршы метрді құрайтын тұрғын үй салынады.
«Қалада әлеуметтік тұрғын үйге сұраныс жоғары. Бүгінде ол 198 623 адамды құрайды. Оның ішінде 150 мың адам әлеуметтік несие алуға өтініш берген «Отбасы банк» салымшылары болса, 48 623-і әлеуметтік жалдамалы тұрғын үй алу үшін баспана кезегінде тұрған азаматтар. Осы мәселені шешу мақсатында тұрғын үйдің қолжетімділігін арттырып, мемлекеттік бағдарлама бойынша белгіленген бағада үлестіру үшін жоғары сапалы әлеуметтік несиелік тұрғын үйлердің санын көбейту қажет. Алдағы 5 жылда осы санаттағы үйлердің шаршы метрін 1 миллионға, яғни, 38 264 пәтерге жеткізу көзделуде. Осы жылы мемлекеттік бағдарлама есебінен 173 мың шаршы метрден астам баспана пайдалануға беріледі»,-деді басқарма басшысы.
Еске салсақ, өткен жылы барлық қаржы көздерінің есебінен қалада 1 млн. шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Соның ішінде 140 мың шаршы метрі әлеуметтік үй.
Есепті жиында басқарма басшысы инженерлік инфрақұрылым, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және абаттандыру нысандарының құрылысы мен алда қойылған жоспарларға да тоқталып өтті. Соның ішінде биыл қаламызда жалпы 1800 орынға арналған 6 білім беру нысаны пайдалануға берілетінін мәлім етті.
Сала маманы тұрғын үй және әлеуметтік мақсаттағы нысандардың құрылысы барысында заманауи құрылыс материалдарын пайдалану туралы ұсынысында жеткізді.
Тұрғын үй жағдайын жақсартуға ерекше көңіл бөлу керектігін айтқан қала басшысы кезекте тұрған азаматтарды баспанамен қамту үшін салынатын әлеуметтік тұрғын үйлердің сапасына баса назар аударуды тапсырды.
Мұрат Әйтенов қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету – мемлекеттің әлеуметтік саясатының басты міндеттерінің бірі екенін айтып, осы бағыттағы жұмыстардың тиісті деңгейде жүзеге асырылуы өз бақылауында болатынын жеткізді.
Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі