ШЫМКЕНТТЕ АУЫЛШАРУАШЫЛЫҚ САЛАСЫНДА 16 МЛРД ТЕҢГЕГЕ 32 ЖОБА ІСКЕ АСЫРЫЛАДЫ
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев өзінің Қазақстан халқына Жолдауында диверсификация мен технологияға негізделген экономика құру жай қажеттілік қана емес, бұдан басқа дамудың жолы жоқ екенін атап өткен болатын. Президент тапсырмасына сәйкес, Шымкент қаласында өткен жылы индустриялдық-инновациялық даму бағдарламасы аясында 38 млрд теңгеге 22 жоба іске асып, мыңнан астам жұмыс орны ашылды.
Қала әкімі Мұрат Әйтенов халық алдындағы есепті жиынында кәсіпкерлік саласындағы атқарылған жұмыстар жөнінде баяндады.
–Өздеріңізге белгілі, қалада үш өндірістік аймақ жұмыс істейді. Алды осыдан он жыл бұрын ашылған. Осы аймақта 110 кәсіпорында 7 690 адамды жұмыспен қамтылып отыр. Тек өткен жылдың өзінде бюджетке 7 млрд теңгеге жуық салық түсті. Осы аймақтарда биыл 39 млрд теңгеге 16 жоба іске асады. Қосымша 800-ден астам жұмыс орны ашылады. Алайда, бұл аймақтар қазір толды, бос жер жоқ. Соны ескеріп, тағы үш аймақ ашуды көздіп отырмыз, -деді қала әкімі.
Біріншісі – «Жұлдыз» индустриалды аймағы. Мұнда құрылыс, металлургия, фармацевтика, жиһаз өнеркәсібі шоғырланады. Елуден астам кәсіпорын құрылады. Жоба құрылысын осы жылдың маусым айында басталады.
Екіншісі – қаланың батыс бөлігінде аумағы 136 га жерге заманауи өнеркәсіптік жылыжай кешендерін салу бойынша 28 жобаны іске асыру көзделуде.
Үшіншісі – қаланың солтүстік бөлігінде «Бозарық» тамақ өнеркәсібі индустриалды аймағын құру жоспарлануда.
Ауыл шаруашылығы да кәсіпкерліктің көзі. Ауылшаруашылық өнімдерін терең өңдеп, дайын өнім шығаратын бұл аймақтар Шымкентті агроөнімдерді өңдейтін орталыққа айналдырады.
Жалпы ауылшаруашылық саласында былтыр құны 5 млрд теңгеден астам қаржыға 10 жоба іске асырылды. Салада өндіріс 4,4 пайызға өсіп, 36 млрд теңгеге жетті. Биыл 16 млрд теңгеге 32 жобаны іске асырып, 1700-ден астам жұмыс орны ашылады.
Фото: Береке Сейітжаппар
Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі