ШЫМКЕНТТЕ БАЛАБАҚШАЛАР «ASHYQ» ҚОСЫМШАСЫН ПАЙДАЛАНА БАСТАДЫ
Шымкент қаласындағы балабақшалар жаппай «Ashyq» қосымшасын пайдалануға кірісті. Бұған дейін қалада «Aшық» жобасы аясында кафе мен мейрамханалар, сонымен қатар көрмелер, сауда орталықтары және спорт объектілері, соның ішінде, фитнес залдары мен басқа да бизнес нысандары жұмыс жүргізіп келген еді.
Таяуда Шымкент қалалық білім басқармасының балабақшаларды уақытша карантиндік демалысқа жабу туралы қаулысы шығып, алайда көп өтпей санитарлық талаптарды сақтай отырып, жұмысын жалғастыра беретінін мәлімдеді. Осыдан кейін қаладағы бөбекжайларда бірден «ASHYQ» мобильді қосымшалары іске асты. «Бұл ең алдымен балалардың қауіпсіздігі үшін қолға алынып отыр. Олардың әрқайсы әр түрлі үйден келетіндіктен вирустың таралу ықтималдығы жоқ дей алмаймыз. Ата-ана, тәрбиешілер де осылай қауіпсіз екенін алға тартып отыр. «ASHYQ» арқылы карантиндік талаптарды сақтау едәуір жеңілдеді» дейді №59 «Айша» бөбекжай балабақшасының ұжымы.
Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп, елдегі эпидемиологиялық жағдай бойынша деректерді бақылау және талдау мақсатында «Ashyq» қосымшасын әзірлеген болатын. Бағдарлама өз кезегінде қызыл, сары, көк және жасыл мәртебелерге бөлінетін тәуекел дәрежесін көрсетеді.
Қызыл мәртебе қозғалысты шектеуді, амбулаториялық бақылаудағы адамдар үшін үйді оқшаулаудың қатаң режимін сақтауды білдіреді.
Сары – қозғалысты ішінара шектеу – пайдаланушы ПТР деректер қорында байланыста болған ретінде көрсетілген: пациент үйден оқшаулау режимін сақтайтын жерден 500 метрден аспайтын азық-түлік және шаруашылық дүкендерге, дәріханаларға баруға рұқсат етіледі.
Көк – ПТР міндетті болатын орындардан басқа (мысалы, әуежайда) қозғалысқа ешқандай шектеулер жоқ.
Жасыл мәртебе қозғалыста ешқандай шектеулер жоқ екенін білдіреді.