ШЫМКЕНТТЕ БИЫЛ 300 ШАҚЫРЫМ ЖОЛ ЖӨНДЕЛЕДІ
Бүгін Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновке жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Е. Жолдасов атқарылған және 2022 жылы жүзеге асырылатын жұмыстар бойынша есеп берді.
Мәлімет бойынша қалада осы жылы 300 шақырым жол жөнделіп, асфальт жол үлесі 67,4 пайызға жетеді.
«2022 жылы 141 нысанға құрылыс, жөндеу жұмыстарын атқаруды жоспарладық. Атап айтқанда 19 нысанда, яғни 51,5 шақырым жолға құрылыс және қайта жаңарту жұмыстары жүргізіледі. 223,8 шақырым болатын 291 көше орташа жөндеуден өтсе, 19,3 шақырым жолға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі»,-деді басқарма басшысы.
Сонымен қатар, 150 орынға аялдама орнату және аудан әкімшілігі тарапынан бекітілген көшелерге шағал тас төсеу жоспарлануда.
2021 жылы автомобиль жолдары саласында 137 нысанда (189,7 шқ) жөндеу жұмыстары аяқталған. Нәтижесі бойынша қаладағы асфальт жолдардың үлесі 63,6% жеткен. Асфальт жолдар үлесін 2022 жылы 67,4%, 2023 жылы 71,2%, 2024 жылы 75%, 2025 жылы 79% жеткізу жоспарлануда.
Жол құрылысы өзінің жіті бақылауында болатынын айтқан қала басшысы жолдың сапасын құрылыс біткен соң емес кемшіліктерді алдын ала анықтап, жою керектігін ескертті.
Құрылыс-монтаждау жұмыстарын атқару кезінде кемшіліктерге жол берілмеуі керектігін, ондай қателіктер орын алғанда мердігер, техникалық және авторлық қадағалаушы мекемелерге айыппұлдар салынатынын жеткізді.
Сөз соңында әкім сала жетекшісіне автомобиль жолдарының сапасын арттыру бойынша бірқатар тапсырмалар берді.
Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі