ШЫМКЕНТТЕ БИЫЛ 5 754 ПӘТЕР ЕЛ ИГІЛІГІНЕ БЕРІЛЕДІ
Шымкентте тұрғындарды баспанамен қамту – басым бес мақсаттың бірі. Қазір қалада 40 мыңнан астам адам үй кезегінде тұр. Былтыр «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында барлығы 1 млн шаршы метрді құрайтын 262 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізілді. Оның ішінде 649,1 мың шаршы метр тұрғын үй құрылысы аяқталып, 5 787 отбасы баспаналы болу мүмкіндігіне ие болды. Халық алдындағы есепті жиында қала әкімі Мұрат Әйтенов осылай деді.
Қала әкімінің сөзінше өткен жылы салынған үйлер бойынша қала тарихында рекордты көрсеткішке қол жеткізілді. 2019 жылмен салыстырғанда 24 пайызға артқан.
– Миллион халқы бар Шымкент үшін бұл өте аз. Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында жылына 3 миллион шаршы метр төңірегінде тұрғын үй беріледі. Соның есебінен, Нұр-Сұлтан қаласының өзіне тұрғын үй құрылысы мен инфрақұрылымына жылына 1 триллион инвестиция салынады. Оның қала экономикасына мультипликативті әсері орасан. Бұл қалаларда салынып жатқан үйлердің 80 пайыздан астамы коммерциялық үйлер, ал бізде 85 пайызы мемлекеттік үйлер. Мемлекеттік үйлер бюджеттің мүмкіндігіне тәуелді. Коммерциялық үйлер салатын компанияларды қолдамасақ, Шымкентте баспана мәселесін ешқашан шеше алмаймыз,-деді Мұрат Дүйсенбекұлы.
Биыл 661 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланып, 5 754 пәтер халықтың игілігіне беріледі.
Фото: Береке Сейітжаппар
Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі