ШЫМКЕНТТЕ ДӘРІГЕРЛЕР ӨКПЕСІНІҢ 90 ПАЙЫЗЫ ҚАБЫНҒАН ЖАҢА БОСАНҒАН ӘЙЕЛДІ АМАН АЛЫП ҚАЛДЫ
Шымкент қаласында 17 желтоқсан күні жаңа босанған әйел ауыр халде перзентханадан қалалық жұқпалы аурулар орталығына ауыстырылған. Түскен кездегі жағдайы өте ауыр болған, әрі өздігінен демала алмаған науқасты дәрігерлер жансақтау бөліміндегі өкпені жасанды желдету аппаратына қосқан.
Компьютерлік томография нәтижесінде науқас өкпесінің 90% зақымдалып, екі жақты пневмония екені анықталды. Бұған қоса ПЦР сараптамасы бойынша жаңа босанған әйелде Covid-19 вирусы бар екені белгілі болады.
Науқаста тыныс жетіспеушілігінің 3-дәрежесі, айқын интоксикациялық синдромы, тромбациттің төмен болуы сынды асқынулар болған. 1982 жылғы әйелге дәрігерлер хаттама бойынша толық ем көрсетіп, антикоагулянтты және антибактерильдық терапия бойынша көмек көрсетеді.
«Науқастың қазіргі жағдайы жақсы. Өздігімен тыныс алуда. Тыныс алу жиілігі жақсарған. Қандағы оттегі мөлшері 98%-ды құрайды. Қайта жасалған компьютерлік томография қорытындысы өкпе қабынуының 30%-ға азайғанын көрсетті», — дейді қалалық жұқпалы аурулар орталығының акушерлік бөліміне жауапты дәрігер анестезиолог-реаниматолог Айжан Бейсенгирова.
Қалалық денсаулық сақтау басқармасының мамандары бүгінде азаматшаның денсаулығы жақсарып, 29 желтоқсан күні ауруханадан шыққанын хабарлады.
Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі