ШЫМКЕНТТЕ ДІН ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ ВАКЦИНАЛАНДЫ

Шымкент қаласының бас имамы Бақдаулет Абдрахманов Ораза айының бірінші күні коронавирусқа қарсы вакцина салдырды. Бас имамның игі ісін қолдай келген бір топ діни қызметкер де қалалық №13 емханада инфекцияға қарсы екпе салдырды. Бұл туралы қалалық денсаулық сақтау басқармасы хабарлады.

Вакцина адам баласына қажет азық немесе ағзаға қуат беретін дәрумен емес екенін айтқан қаланың бас имамы адам денесіне инемен екпе егу оразаны бұзбайтынын атап өтті.

«Құрметті мұсылман жамағат! Қасиетті Рамазан айының бірінші күні өзімнің және халықтың денсаулығы үшін алаңдап, алдағы уақытта жағдай жақсарсын деген жақсы ниетпен бір топ имам болып вакцина салдырдық. Алдағы уақытта жағдайымыз жақсарып, қалыпты өмірге келуі үшін жұмыла күресуіміз керек. Мешіттер ашылып, құлшылық ғибадатымызды жасасақ. Рамазан айында жасаған барша амалдарыңыз қабыл болсын», — дейді қаланың бас имамы.

Айта кетейік, Шымкент қаласындағы мешіттерде 260-қа тарта имам бар. Жергілікті діни қызметкерлердің барлығы Ораза айында ковидке қарсы вакцина салдыруды жоспарлап отыр.

Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі