ШЫМКЕНТТЕ «ДОНОР БОЛ! ӨЗГЕГЕ ӨМІР СЫЙЛА!» АКЦИЯСЫ ӨТТІ

«Донор бол, Өзгеге өмір сыйла!» Осындай атаумен Шымкент қаласында 24-28 мамыр күндері қан тапсыру донорлық акциясы өтті. Birgemiz: Saulyq жалпыұлттық жобасы шеңберінде ұйымдастырылған игі іске қала тұрғындары, қалалық мәслихат депутаттары мен фракция мүшелері, үкіметтік емес ұйымдар мен жастар, блогерлер, спортшылар мен өнерпаздар және төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлері, волонтерлер сынды жалпы 200-ге жуық адам қатысты.
Қан орталығына келген донорлардың ең алдымен денсаулықтары толық тексеруден өткізілді. Олардын қант мөлшері, гемоглобин көрсеткіші мен түрлі ауру белгілерінің бар-жоғын зертханалық жолмен анықтап, содан кейін ғана донор болуға мүмкіндік берілді.
Айта кетейік, донордың салмағы кемінде 55 кг болуы тиіс. Донациялау күндері қан және оның компоненттерін тапсыру күнінен бір күні бұрын донорларға: майлы, қуырылған, ащы, сүрленген тағамдар, сүт өнімдерін жеу, процедураға дейін екі тәулік бұрын ішімдік ішу, процедураға дейін үш тәулік бұрын аспирин, анальгин, құрамында анальгетиктер бар басқа да препараттарды қабылдау және процедураға дейін кемінде бір сағат бұрын темекі шегу ұсынылмайды.
Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі