ШЫМКЕНТТЕ ЕМ АЛУШЫЛАРҒА АРНАЛҒАН КІТАП СӨРЕЛЕРІ ОРНАТЫЛДЫ
Шымкент қаласының мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының бастамасымен «Кітап – жан дәрумені» жобасы қолға алынып, жергілікті 12 аурухана, емхана және балалар ауруханалары классикалық және заманауи авторлардың туындыларымен толықтырылды. Ем алушы қала тұрғындары кітап сөресінен қалаған кітабын алып, ауруханада таным көкжиегін кеңейтіп, уақытты тиімді өткізе алады.
– Өкінішке қарай, ауруханаларда науқастар саны азаймай отыр. Оған қоса, ұзақ мерзімді емге мұқтаж азаматтар да бар. Жерлестеріміздің еміне сәл де болса көмегімізді тигізсек деген ниетімізді осы жоба арқылы іске асырып отырмыз. Емделу тек физикалық қана емес, эмоционалдық жағдайға да байланысты. Кітап оқып, ойын жақсы жаққа аударудың әсері ем алушыларға тезірек сауығып кетуге ықпалын тигізеді деп үміттенеміз, – дейді жоба ұйымдастырушылары.
Қазіргі таңда 12 ауруханада бастау алған бұл жоба басқа да қалалық ауруханаларда өз жалғасын табады деп күтілуде. Туындылар арасында М.Әуезов, У. Шекспир кітаптарын, заманауи жазушылардың еңбектерін және балаларға арналған сан алуан кітапшалар мен ертегілерді кездестіруге болады. Өз кітабымен бөлісуге ниет білдірген адамдар да кітап сөрелерін толықтыра алады.
Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі