ШЫМКЕНТТЕ ЭПИДАХУАЛ КҮРДЕЛІ
Шымкентте эпидахуал аса алаңдатарлық деңгейде. Өткен тәулікте қалалық Жедел жәрдем станциясына 2600 қоңырау түскен. Дәл қазір Жұқпалы аурулар ауруханасында 345 науқас пневмония және коронавирустың Дельта штамымен ауырып жатыр. Осындай ауру өршіп тұрған қиын кезеңде де қала тұрғындарының той, жиынға баруы тыйылмай тұр.
Осы және өзге де мәселелер туралы Шымкент ақпараттық-коммуникациялық орталығында өткен брифингте айтылды. Баспасөз жиынында Шымкент қалалық Жұқпалы аурулар ауруханасының бас дәрігері Бақтығали Ережепов, қалалық Жедел жәрдем станциясының бас дәрігері Гүлнәр Құрманбекова, қалалық перинаталдық орталықтың бас дәрігері Тимирхан Варзилов пен «Атамекен» медицина орталығының бас дәрігері Индира Артықбаева қазіргі таңда күрделі болып тұрған эпидахуал, ковид орталықтағы жағдай, жедел жәрдем қызметі мен ковидке шалдыққан жүкті әйелдерге медициналық көмек туралы баяндады.
–490 орынға лайықталған қалалық Жұқпалы аурулар ауруханасында 345 науқас емделіп жатыр. Оның 129-ы жансақтау бөлімінде, 88-і ИВЛ аппаратымен өмір үшін күресіп жатыр. Бізге түскендердің барлығы дерлік ауру жұқтырған соң 10-15-ші күні келгендер. Ал Дельта инфекциясын емдеудің жаңа протоколына сәйкес, антибактериалды препараттарды 12 күннен кейін қабылдауға болмайды. Яғни, вакцина алмай, үйде өз бетінше емделем деп, өкпесін 60-90 пайызға дейін зақымдап, сырқатын асқындырып алғандар жағдайды күрделендіруде, — дейді Бақтығали Аюбайұлы.
«Қазір дәрігерлер дәрменсіз күй кешуде. Әрқайсымыздың денсаулығымыз өзімізге керек. Қанша адам жақынынан айрылып жатыр, қанша бала жетім қалып, зар жылауда. Өкініш соңы өлімге әкеліп жатыр. Қала тұрғындарына вакцина туралы айтсақ, мың сан сылтау айтады. Сол сылтаудың артында қаншама қайғы жатыр. Күн сайын жүздеген екіқабат әйелді, 400-500-дей ЖРВИ, пневмония, өкпесі 90%-ға дейін қабынған науқастарды жедел жәрдем көлігімен тасып жатырмыз. Осының бәрін көзбен көріп отырып, неге сақтану амалын жасамасқа?! Бұл вирусты ел болып жеңбесек, тек медицина қызметкерлерінің күші жетер емес. Ол үшін ауру белгісі анықталса, емханаңызға хабар беріңіз. Қалада 205 мобильді топ жұмыс істеп жатыр. Сіздің үйіңізге барып, ПЦР сынамасын алып, ауру деңгейіне қарай ем тағайындайды не ауруханаға жатқызады. Кей ауруханалар бәріне бірдей үлгермей жатқан болуы мүмкін. Бірақ, бұл үйде өз бетінше емделуге сылтау болмауы тиіс. Қаладағы 13 емхана миллион тұрғынды жеке-жеке аңдып жүре алмайды. Егер ауру анықталса, үйден шықпай, жоғарыда айтқан тиісті шараларды жасасын. Жұмысын онлайн істесін. Әр адам өзі үшін жауап берсін. Сонда ғана біз бұл індеттен құтыламыз», — деді Гүлнәр Мамытқызы.
Ал қалалық перинаталдық орталықтың бас дәрігері Тимирхан Варзиловтың айтуынша, қалалық перинаталдық орталыққа соңғы тәуліктерде 160 жүкті әйел түскен. Оның 3-еуі аса ауыр жағдайда жан сақтау бөлімінде жатыр. 1 әйел қайтыс болған. «Ана мен баланың өмірін сақтап қалу – біздің басты міндетіміз. Ол үшін барлық жағдайды жасап жатырмыз. Стационарлар да ашық. Бұл вирус жүктіліктің кез келген мерзімінде қауіпті. Әсіресе 22 аптадан кейін әйел ағзасына көп жүк түскен уақытта аталған аурумен күресу қиынға соғады. Сондықтан, үйіңізде екіқабат әйел бар болса, міндетті түрде вакцина алыңыздар. Себебі, жүкті әйелдерде иммунотапшылық жоғары болғандықтан, ауыру қаупі де жоғары. Өкінішке қарай, вирус жұқтырған көптеген жүкті әйелдердің сәбиі ішінде тұншығып, қайтыс болып жатыр, — деді Т. Исабалұлы.
«Атамекен» медицина орталығында да соңғы тәулікте 355 науқас тіркелген. «Оның 55-і ауыр халде, 30-ы жан сақтау бөлімінде жатыр. Барлығы да үйде өз бетінше емделем деп асқындырып алғандар», — деді аталған орталықтың бас дәрігері Индира Артықбаева.
Сала мамандарының айтуынша, біздің қаламызда вакцина алғандардың арасында өлім-жітім тіркелмеген. Біріншісін алып, екіншісінен қашып жүргендер жетерлік.
Қорыта келе, спикерлер қала тұрғындарын барынша сақтанып, адам көп шоғырланған жерлерге, той-томалаққа бармай тұруға, екпе алмағандарды екпе алуға, тамақ жыбырлап, дене қызуы көтеріліп, жөтел пайда болса, дереу емханаға хабарласуға шақырды.
Мөлдір КЕНЖЕБАЙ