ШЫМКЕНТТЕ ИНСУЛЬТ АУРУЫН ЕМДЕУ ЖӘНЕ АЛДЫН АЛУ ЖӨНІНДЕ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КОНФЕРЕНЦИЯ ӨТУДЕ

Шымкент қаласында өтіп жатқан «Ангионеврология: инновация мен перспективалары» атты халықаралық конференцияға еліміздің өзге өңірлері мен Татарстан, Мәскеу қаласының дәрігерлер онлайн қатысты. Невропатолог, нейрохирург, терапевт секілді мамандар бас миы ауруларының эпидемиологиясы мен жедел ми-тамырлары және церебралды инсультті емдеу жолдарын талқылауда.

Ғылыми конференция қалалық денсаулық сақтау басқармасы мен Оңтүстік Қазақстан медицина академиясының қолдауымен ұйымдастырылып отыр.

Басқосуда мамандардың дерегінше қазіргі таңда кең тараған, әрі қауіпті дерттің бірі – инсульт. Жыл сайын дүниежүзінде бұл дертке шамамен 15 миллион адам ұшырайды. Салдарынан 3-5 миллионы қайтыс болады.

– Елімізде жылына 40 мыңға жуық адам инсультке шалдығады. Ауырғандардың сексен пайызы мүгедек болып қалады. Сол мүгедектік болған азаматтарды оңалту емі арқылы емдеп келеміз. Инсульт алғандардың дені алпыстан асқан азаматтар. Аурудың алдын алу мақсатында республика бойынша инсульт қызметін дамыту тұжырымдамасын әзірледік. Еліміздің барлық өңірлерінде инсульт орталығы жұмыс істеп отыр. Тағы да айтарым, инсультті емдеуден, алдын-алу әлдеқайда тиімді. Бұл үшін азаматтар өздері тіркелген жергілікті емханаға барып, скрининг тексеруден өту қажет. Холестерин және қан қысымын тұрақты түрде тексертіп, салауатты өмір салтын ұстанған абзал,-дейді Ұлттық нейрохирургия орталығының директоры Әділбеков Ержан.

Айта кетейік, халықаралық конференция екі күнге созылады. Шараға қатысқан медицина мамандарына арнайы сертификат табысталмақ.

Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі