ШЫМКЕНТТЕ КАРАНТИН ШАРАЛАРЫ КҮШЕЙТІЛДІ

Шымкент қалалық Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Ералқасын Түктібай: – Бүгінде Шымкентте вакциналауды жүзеге асыру мақсатында бастапқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін 36 мекемеде арнайы егу кабинеттері дайындалды. Сонымен қатар егу науқанын сапалы өткізу үшін 2000-ға жуық медицина қызметкері дайындық курсынан өтті. Ал вакцина қорына келсек, қалаға сәуірде отандық екпенің 172 000 дозасы әкелінеді. Қазіргі таңда коронавирустық инфекциямен күресудің ең тиімді жолы вакцинациялау болып отыр, – деді Е.Түктібай.
Ералқасын Жақаншаұлының айтуынша, профилактикалық вакцинациялауға медициналық қарсы көрсетілімдері жоқ адамдар жіберіледі. Яғни, егу алдында дәрігер міндетті түрде тексерулер жүргізеді. Содан кейін вакцина алушыға медицина маманы екпенің ықтимал жанама әсері туралы ескертіп, жадынама ұсынады. Ал екпе қабылдағандарды бақылау медициналық талаптарға сай ұйымдастырылады. Бүгінде коронавирустық инфекцияға қарсы егілген адамдардың жағдайы қанағаттанарлық және асқынулар тіркелмеген.
Баспасөз мәжілісі барысында спикер жыл басынан бері вакцина қабылдағандар туралы кеңінен мәлімдеді.
– Шымкент қаласында 1 ақпан мен 7 сәуір аралығында «Гам-Ковид-Вак (Sputnik V)» вакцинасының I компоненті 12 166 адамға егілді. Оның ішінде 6 163-і – медицина қызметкері, 3 940-ы – педагогтар, 717-сі күш құрылымдары мен 363-сы учаскелік полиция қызметкерлері, қалғаны – басқа контингенттер. Ал ІІ компонентін қабылдағандардың жалпы саны 5 175-ті құрайды. Атап айтқанда, 3 471 медицина қызметкері, 1 412 педагог, 134 күш құрылымдары мен 77 учаскелік полиция қызметкері, 81 басқа контингент екпе салдырды, – деді ол.
Брифинг соңында сала мамандары үшінші мегаполистің «сары аймаққа» өтуіне байланысты қала тұрғындарына санитариялық-эпидемиологиялық және карантиндік талаптарды қатаң сақтауға шақырды.
Шымкент қалалық Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Алдарқұл Ахметов:  «Шымкент қаласының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің қала аумағында коронавирустық инфекцияның таралуын алдын алу іс-шараларын күшейту туралы №8 Қаулысы шығарылды. Жаңа Қаулыға сәйкес ауыз ашар, еске алу, мерей той өткізуге тыйым салынса, кеңсе қызметкерлерінің 50 пайызы қашықтықтан жұмыс істеуге көшірілді. Ал СПА орталықтары мен моншалардың жұмысы жексенбі күні тоқтатылды. Оған қоса, балалардың ойын-сауық орталықтары (ойын алаңдары, жабық үй-жайлардағы аттракциондар), көңіл көтеру мекемелері (бильярд, караоке, компьютерлік клубтар, түнгі клубтар, боулинг орталықтары) және цирктердің жұмысына тыйым салынды», – деді Алдарқұл Райымқұлұлы.
Спикердің сөзінше, мәдениет нысандары (жеке және топтық репетицияларға 30 адамнан аспайтын қатысушылар), театрлар, концерттік залдар (сыйымдылығы 20%-дан адамнан аспайтын, бірақ 100 адамнан артық емес, «InfoKazakhstan.kz» порталда тіркелуімен) және кітапханалар мен мұражайлардың жұмысы қалыпты режимде ұйымдастырылады. Сондай-ақ, кинотеатрлардың жұмысы сыйымдылығы 20%-дан аспайтын, «InfoKazakhstan.kz» порталда тіркелуімен қалыпты режимде жүргізіледі.
Сонымен қатар діни объектілерде (мешіт, шіркеу, собор, синагогтар) ұжымдық құлшылық етуге тыйым салынған.
Брифингте белгілі болғандай, мобильді мониторингтік топтар қалада 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап 7 сәуіріне дейін 379 рейдтік тексеру жүргізіп, 10 392 нысанға мониторинг жасаған. Яғни, Бас санитардың Қаулыларына орай санитариялық нормаларды орындау бойынша түсіндіру жұмыстары тұрақты түрде жүргізіліп отыр.
Шымкент қаласының Ақпараттық-коммуникациялық орталығы
Фото – Ернар Мамыр