ШЫМКЕНТТЕ КӘСІПКЕРЛІКТІ ҚОЛДАУҒА БӨЛІНГЕН ҚАРЖЫ 3 ЕСЕГЕ АРТТЫ
Бүгінгі таңда Шымкентте шағын және орта кәсіпкерліктің негізгі көрсеткіштері бойынша оң динамика бар. Шағын және орта кәсіпкерлікте жұмыспен қамтылғандар саны 161,4 мың адамды құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңіне қарағанда 105,4%-ға артты. Шағын және орта бизнестің өндірген өнімінің құны 302,2 млрд. теңгені құрап, жалпы өңірлік өнімдегі үлесі 29%-ды құрады.
Бұл жөнінде қала әкіміне есеп беру барысында кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы Б.Дүйсебеков баяндады.
Ол мемлекеттік қолдаудың арқасында кәсіпкерлердің саны ай сайын артып отырғанын жеткізді. Биыл кәсіпкерлікті қолдауға бөлінген қаржы өткен жылмен салыстырғанда 3 есе артық.
Нәтижесінде «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасы шеңберінде 2 996,3 млн. теңгеге 970 жобаға қолдау көрсетілді.
«Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған» мемлекеттік бағдарламасы аясында 552,4 млн. теңгеге 39 жоба қаржыландырылған.
Ал, «Мен кәсіпкер боламын» әйелдер мен жастар кәсіпкерлігін дамыту арнайы іс-шара жоспарына сәйкес 146 млн. теңгеге 16 кәсіпкерге несие берілген, оның ішінде 136 млн. теңгеге 14 әйел кәсіпкердің, 10 млн. теңгеге 2 жас кәсіпкердің жобалары қолдау тапқан.
«Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында 61 кәсіпкерге қолдау көрсетілді. Бұл жылы олардың санын 100-ге жеткізу жоспарланған.
Жарты жылдықта атқарылған жұмыстармен танысқан әкім негізгі индикаторлардың орындалу барысын сұрады. Мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асуы аясында бос жұмыс орындарының санын ұлғайтуды тапсырды.
— Жаңа жобалар арқылы жаңа жұмыс орындары құрылады. Ең бірінші өзіміздің қала тұрғындарын жұмыспен қамтуымыз керек. Ол халықтың әлеуметтік жағдайына әсер етеді. Сонымен бірге, экспорт көрсеткішін арттыру қажет. Шағын және орта бизнесті дамыту үшін халық арасында түсіндірме жұмыстары кеңінен жүргізілсін. Оларға қандай қолдау көрсетіліп жатқанын таныстырып, бағыт-бағдар беру керек. Бұл тұрғыда «Шымкент» ӘҚК–мен бірлесе отыра «Бизнеске арналған үкімет» фронт офистың жұмысын жандандырыңдар, — деп тапсырды шаһар басшысы.
Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі