ШЫМКЕНТТЕ КАСКАДЕРЛІК КЛУБ АШЫЛДЫ
Мұқағали Әбдішәріп — «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы арқылы өзінің каскадерлық ұйымын ашты. 23 жасар қала тұрғыны 2020 жылдың шілде айында кәсіпкерлік негіздеріне оқытатын «Бастау бизнес» курсынан өтіп, қолына сертификат алған. Содан кейін, мемлекеттік бағдарламаның ІІ бағыты бойынша қайтарымсыз грантқа өтініш білдірген. «Каскадерлық үйірме ашу» бағытында ұсынған бизнес жоспарын комиссияға ұсынып, сәтті қорғай білген өнерлі жастың жобасы мақұлданып, нәтижесінде 555 650 теңге көлемінде қаржы алды.
«360 градус» деп аталатын клубтың мақсаты – спортқа және киноға әуесі бар қыз жігіттерді жинап, спорттық және каскадерлық элементтерді кәсіби түрде үйрету. Елімізде киноматография саласында қауіпті, қиын трюктарды жанкештілікпен орындай алатын каскадерлер дайындайтын орталықтар жетіспейді. Ал Шымкентте алғаш рет ашылған «360 градус» қазақ каскадерлық орталықтың жетекшісі – актер, режиссер, каскадер Мұқағали Әбдішәріп.
Ол М.Әуезов атындағы ОҚУ-дың театр ұжымының жетекші мамандығын бітірген. Еңбек жолын алғаш рет «Мейрам», «Сақ» киностудияларында каскадер болып жұмыс істеуден бастаған, сондай-ақ спорттың тайбокс және таеквандо түрімен айналысады. «360 градус» каскадерлік орталықтың жастары енді қазақтың кино саласына үлес қоспақ. Олардың мақсаты тынымсыз еңбектің, қайсар мінездің арқасында әлемдік сахна төрінен көріну.
Қазіргі таңда каскадерлық клубта сахналық төбелес, таеквандо үйірмелері жұмыс істеуде. Жоба ұйымдастырушысы бұдан бөлек ат үстінде шебер ойнауды да қолға алмақшы. Мемлекеттің қаржысына үйірмеге қажетті құрал-саймандар мен керекті реквизиттерді сатып алып, қазіргі таңда 30-дан аса шығармашыл жастардан құралған топтың басын құрды. Үйірмеге қатысушылар ақылы бағытта өз өнерлерін шыңдауда, әрі актерлық өнерді де жетік меңгеруде.
Айта кетейік, былтыр «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының ІІ бағытышеңберінде 7 722 адам жаппай кәсіпкерлікті дамыту шарасына қатысты. Оның ішінде 74 адам шағын несие алса, 4828 адам қайтарымсыз мемлекеттік грантқа қол жеткізді. Ал «Бастау бизнес» жобасына 2820 адам жолданып, оқытылды. Биылдың өзінде аталмыш жоба арқылы мемлекет тарапынан 600 азамат грантқа қол жеткізді.
Шымкент қаласының Ақпараттық-коммуникациялық орталығы