ШЫМКЕНТТЕ ҚЫСҚЫ КЕЗЕҢДЕГІ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙДЫҢ АЛДЫН АЛУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРГІЗІЛУДЕ
Қыстың келуімен су айдындарында мұз жамылғысының қалыптасуы байқалады. Бұл кезде оның бетіне шығу өте қауіпті. Алайда, көптеген адамдар сақтық шараларын елемей, нәтижесінде жыл сайын қаза болғандар саны артып отыр.
Қаланың су объектілерінде қайғылы жағдайлардың алдын алу мақсатында Шымкент қаласының ТЖ департаментінің мамандары «Абайлаңыз, мұз!» республикалық акциясы аясында Бадам және Тоғыс су қоймаларында профилактикалық рейдтер жүргізуде.
Сондай-ақ, акция барысында олар қала аумағында орналасқан аңшылық және балық аулау дүкендерінде 300-ден астам жадынамалар мен брошюралар таратып, тұтынушылар мен дүкен әкімшілігі қызметкерлерімен 20-дан астам әңгіме өткізген.
Құтқарушылардың айтуынша, тұщы суда қалыңдығы кемінде 10 см және тұзды суда 15 см мұз адам үшін қауіпсіз деп саналады. Өзен сағалары мен арналарда мұздың беріктігі әлсіз. Мұздың қалыңдығын көзбен өлшеу қиын, сондықтан мұздың көк түсі ең берік екенін, ал күңгірт ақ немесе сарғыш түсті мұз сенімсіз екенін жеткізуде. Мұз тез ағатын, бұлақтар және ағынды сулар болатын жерлерде, су өсімдіктері өсетін аудандарда, ағаштарға, бұталарға, қамыстарға жақын жерлерде берік болмайды.
Сонымен қатар, Шымкент қаласының ТЖД қала тұрғындарына балаларды қараусыз қалдырмауға, оларға күн сайын мұзда болу өте қауіпті екенін, әсіресе ойын ұйымдастыруға болмайтындығын ескертуге кеңес береді.
Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі