ШЫМКЕНТТЕ «НАУРЫЗ КӨНЕ ШЫМҚАЛАДА» ТАҢҒАЖАЙЫП ХИКАЯТТЫҢ ПРЕМЬЕРАСЫ ӨТТІ

Қаладағы Ж.Шанин атындағы академиялық қазақ драма театрында сахналанған қойылым Шымкент қаласының 2200 жылдығы мен Ұлыстың Ұлы күні Наурыз мерекесіне орайластырылған.

Драматург Сая Қасымбектің бұл туындысы шаһардың тарихынан сыр шертеді. Әр қаланың тереңнен тартатын тарихы болуы заңды құбылыс. Оңтүстіктің інжу-маржанына айналған Шымкенттің қилы тарихы ғасырлар қойнауынан сүзіліп, бүгінге қалай жеткенін жас ұрпаққа жеткізетін хикаяттың берері мол.

Қойылымда «Көне қала мәңгілік болу үшін ортасынан өзен ағады» деген ұстанымның шындыққа айналғаны айшықталып, «Шымкенттің сұлу алқасына» айналған Қошқар Ата өзенінің шығу тарихына жаңаша көзқараспен шолу жасалынған.

Сан-қилы тағдырды кешкен тарихымызды тарқататын, таңғажайыптығы өз көрерменін тәнті еткен хикаят Шымкенттің 2200 жылдығына орай қала тарихынан ой тербеп, Ұлыстың Ұлы күні Наурызды кеңінен насихаттайды.

Осылайша театрдың шығармашылық ұжымы тіршілік бастауы бірліктен тұратынын, ырыс пен құттың берекелі ынтымаққа жетелейтінін, әз-Наурыздың мән мағынасын жасөспірімдерге қиял-ғажайып оқиғалармен жеткізіп берді.

Айта кетейік, қойылым 18-22 наурыз аралығында Ж.Шанин атындағы қалалық академиялық қазақ драма театрында өтеді.
Анықтама тел: 77-10-43, 8 778 249 59 20

Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі