ШЫМКЕНТТЕ «НАУРЫЗ ТАЛ» АКЦИЯСЫ ӨТТІ

«Наурыз Шымкентте басталады» онкүндігі аясында 18 наурыз — «Игі істер» күні болып бекітілген. Осыған орай, қала әкімі Мұрат Әйтеновтың қолдауымен «Наурыз тал» акциясы өтті.

Дәстүр бойынша ілгеріден Наурыз мерекесін ел болып ағаш отырғызудан, арық тазалап, көгалдандыру рәсімін өткізуден бастаған.

Бүгін шаһарда қала тұрғындары ағаш егіп, игі дәстүрді жалғастырды. Акцияға Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан, қалалық мәслихат хатшысы Бахадыр Нарымбетов бастаған депутаттар, еріктілер мен қала тұрғындары қатысты.

«Эко-сана» қозғалысының бастамашылығымен қолға алынған акция шеңберінде 8-шағынаудандағы аллеяға 42 көшет егілді. Бұл жолғы егілген әр көшетке QR коды орнатылған. Көшет отырғазған адамға ай сайын мобильді қосымша арқылы суару мен күтіп баптау жөнінде хабарлама барып тұрады.

Бүгінгі «Наурыз тал» қалалық акциясы ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған «Қайырымды істер марафоны» жалпы ұлттық жобасы шеңберінде ұйымдастырылды.

Фото: Серік Косаев

Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі