ШЫМКЕНТТЕ «ОЙЛЫ БОЛСАҢ, ОЗЫП КӨР!» ЗИЯТКЕРЛІК ОЙЫНДАР БАЙҚАУЫ БАСТАЛДЫ

Зияткерлік ойындар – үздіктерді анықтайтын спорттық жарыс түрі ғана емес, өскелең ұрпақ тәрбиесінде, азаматтардың интеллектуалдық әлеуетін көтеруде маңызы ерекше. Өйткені жүйелі және қисынды ойлау, білім мен ғылымға бейімділік негіздерін қалауда әрі ыждаһаттылық пен табандылыққа тәрбиелеуде зияткерлік ойындар таптырмас тәрбие құралы. Бұл ойындар адамды шыдамдылыққа, тереңнен ойлауға, асығыс шешім қабылдамауға үйретеді.

Шымкентте Елбасының «Рухани жаңғыру: Болашаққа бағдар» мақаласы аясында және «Интеллектуалды ұлт – 2020» мемлекеттік идеясын жүзеге асыру мақсатында «Ойлы болсаң, озып көр!» байқауы бастау алды.

Атамыш жобаның мақсаты жастарды зияткерлікке баулуға бағытталған. Яғни, шахмат, тоғызқұмалақ және дойбы ойындары арқылы жастардың ойлау қабілетін арттырып, саналы ұрпақ қалыптастыру. Сондай-ақ, адамның жеке басының, мінез-құлқын қалыптастыру, іздемпаздылыққа ықпал ету болатын. Тағы бір қуанарлық жайт – енді Шымкент қаласының мектептерінде шахмат өнері пән ретінде енгізіліп, интеллектуалдық ойынның өрісі кеңейетін болды.

Бұл жоба Шымкент қаласында интеллектуалды ұлттың қалыптасуына жол ашылатыны сөзсіз. Ғылымда: «Адам ойлау жүйесінің 30-ақ пайызын қолданады. Ал қалғаны жұмыс істету арқылы дамиды» деген қағида бар. Сол себепті жас буынның дұрыс ойлауын дамытуымыз керек. Бұл ойындар адамның ойлау және есте сақтау қабілеттерін арттырады. Адамды байсалды, сабырлы болуға, қажырлықты шыңдауға, бастаған ісіңді соңына дейін жеткізуге үйретеді. Табандылыққа тәрбиелейді, қайсарлыққа баулиды.

«Ойлы болсаң, озып көр!» байқауы 15 қазан күні шымылдығын түріп, жыл соңына дейін жалғасады. Жалпы жүлде қоры – 2,5 млн теңге. Сайыс жас ерекшеліктерге бөлінген. Олар – оқушылар, ересектер және ардагерлер.