ШЫМКЕНТТЕ ОТБАСЫЛЫҚ КІТАПХАНА АШЫЛДЫ

Шымкент қаласындағы Забадам шағын ауданында «Наурыз» мерекесіне орай Қазақстандағы алғашқы «Отбасылық кітапхана» ел игілігіне берілді. Бұл отбасымен бірге тиімді уақыт өткізуге және балалар демалысы үшін қолайлы жағдай жасалған «үй үлгісіндегі» жаңа форматтағы кітапхана.

Кітапхананың ерекшелігі — әдеттегі оқу орындары шеңберінен шығып, үйірме жұмыстарын жүргізу, іс-шаралар өткізу, коворкинг, қауымдастықтар мен клубтарды дамыту мүмкіндігі бар комьюнити орталықтар болып табылады, бірақ бұрынғыша оқу мен жұмыс істеу үшін ыңғайлы орын болып қала береді.

Жаңартылған кітапхананың ашылу салтанатына қатысқан қала әкімі Мұрат Әйтенов бұл мекеме отбасылық құндылықтар мен отбасылық демалысты ілгерілету мен дәріптеуге зор мүмкіндік болып табылатынын атап өтті. Қала басшысы тұрақты келушілерге арналған бонустық жүйемен, сондай-ақ кітапхана қызметкерлерінің біліктілігін арттыру бағдарламасымен және алдағы іс-шаралар күнтізбесімен танысты. Сонымен қатар, кітапхана жанынан ашылған «Шахмат» үйінде аралап көрді.

Кітапхана жұмысымен танысу барысында аталған мекеме ұжымы қала әкіміне отбасылық абонементін тарту етті. Ал, шаһар басшысы ізгі ниетке алғыс ретінде кітапханаға өз атынан бірнеше кітап сыйға тартты.

Айта кетейік, келушілерге отбасылық психология және бизнесті жүргізу бойынша тақырыптық секциялар ұйымдастырылады. Сондай-ақ, тұрақты оқырмандарға Шымкент қаласының мәдениет басқармасы өткізетін ойын-сауық іс-шараларына, спектакльдерге тегін билеттер ұсынылатын болады.

Жоба авторлары, алматылық «Креативті бюро» командасы әр түрлі жас топтағы келушілердің қажеттіліктерін ескере отырып, жаңғыртылған кітапхананың дизайны мен интерьеріне үлкен мән берген.

Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі