ШЫМКЕНТТЕ ОТБАСЫЛЫҚ ЖҰП ҚАЙТАРЫМСЫЗ ГРАНТ АРҚАСЫНДА ӨЗ КӘСІБІН АШТЫ
Шымкент қаласының тұрғындары ерлі-зайыпты Әкімбеков Абылқайыр мен Беркінбаева Әсел мемлекеттік қайтарымсыз грантқа қол жеткізіп, алған қаражаттарына шағын наубайхана ашты.
Отбасылық жұп өткен жылы Шымкент қаласы әкімдігі Халықты жұмыспен қамту орталығына жұмыссыз ретінде тіркеліп, 21 күндік «Бизнес бастау» кәсіптік оқытуға жолдама алған. Сертификаттары қолдарына тиісімен мемлекеттік грантқа қатысу үшін наубайхана ісі бойынша бизнес жоспарын әзірлеп, онысын комиссияда сәтті қорғап шыққан. Нәтижесінде 555 650 теңгелік грантқа қол жеткізіп, наубайханаға қажетті құрал-жабдықтар сатып алған. Бүгінде нанға тапсырыс қабылдап, 100 -130 нан пісіріп, отбасылық кішігірім ісін дөңгелетіп отыр.
Айта кетсек, «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының екі бағыты аясында 2020 жылы 4828 адам грантқа қол жеткізсе, биылғы жылы 600 адамға грант берілді. Ал, «Бизнес бастау» курсына биылдың өзінде 1900 адам жолданған.
Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі