ШЫМКЕНТТЕ «ПРИНТ» КІЛЕМШЕЛЕР ШЫҒАРЫЛАДЫ

Шымкент қаласында Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында 5 өндіріс орны іске қосылған болатын. Соның бірі Бал текстиль кілем зауыты жанынан «Бал декор» принт кілемдері мен кілемшелерін өндіретін зауыт. Бұл кілемшелердің айырмашылығы заманауи үлгіде тоқылған. Яғни еденде таймайды және оны кір жуатын машинада жуа беруге болады. «Принт» кілемшелер арнайы дизайнмен, кез келген суретті кілемге басу әдісімен жасалынады.

Зауыт Түркия технологиясымен жабдықталған, шикізаттар да сол елден алдырылады.

Жоба құны 120 млн теңгені құрайды. Өндіріс қуаттылығы жылына 400 мың шаршы метр кілемше шығаруға қауқарлы. Мекеме 20 адамды жұмыспен қамтып отыр. Шығарылған барлық өнім ішкі нарықты қамтамасыз етуге бағытталған.

Кәсіпорын басшысы Огуз Дуррудың сөзінше алдағы уақытта өндіріс орнын ұлғайтып, Өзбекстан, Ресей, Тәжікстан елдеріне экспорттау жоспарланған.

— Қазақстанда кәсіпкерлікпен айналысуға және жаңа өнім өндіруге көп жағдай жасалған. Кедендік салықтар мен құжаттарды рәсімдеуді ыңғайластырылған. Қала әкімдігі экономикалық аймақтан 1,5 гектар жер бөлінуіне қол ұшын берді. Көктемде құрылыс жұмыстары басталады. Өз зауытымыз аяқталған соң біз өндірістің екінші және үшінші этапын бастаймыз. Яғни, қазіргі кілем қалдығынан жастық және көрпе өндіруді жоспарлап отырмыз, -деді кәсіпкер.

Алдағы уақытта жеке зауыттың құрылысы аяқталған сәтте кілемшенің барлық шикізаты қалада өндірілмек. Жаңа кәсіпорынның кілемшелері нарыққа жаңа жылдан бастап шығатын болады.

Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі