ШЫМКЕНТТЕ «ШАМ» ӘДЕБИ БІРЛЕСТІГІНІҢ БЕС ЖЫЛДЫҒЫ ӨТТІ

Өлең өлкесінде өзіндік қолтаңбасы қалыптасқан жас ақындардың есеп беру кеші «Шам жарығындағы кездесу» деп аталды.

Осыдан бес жыл бұрын негізі қаланған бірлестіктің мақсаты – жүрегі жыр деп соққан, сезім сырларын шумақ етіп төгетін таланттардың басын қосу болатын. Аздаған жыл ішінде әдеби ұжым көптеген жетістіктерге жетті. Бірнеше авторлық кітаптар жарыққа шықты, 7 ақын-жазушы Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі атанса, 5 ақын «Жылдың үздік ақыны», 5 жазушы «Жылдың үздік жазушысы» және бір ақын, яғни Батырхан Сәрсенхан Мемлекеттік «Дарын» сыйлығының лауреаты, бұдан бөлек 4 ақын республикалық әдеби сыйлықтардың лауреаттары атанды. Айтулы кеш осы жетістіктерді жыр сүйер қауыммен бөлісуге арналды.

Кешке Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан, белгілі жазушы Мархабат Байғұт, филология ғылымдарының кандидаты, әдебиеттанушы Ақжол Қалшабек арнайы ат басын бұрды. Жиынның алғысөзін алған Шыңғыс Жұмабекұлы ақындарға үлкен үміт артатынын айтып, қала әкімінің құттықтауын жеткізді.

— Ел тарихында өзіндік қолтаңбасымен қалған тұлғалар көп. Жуырда солардың бірі, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсыновқа арналған сериал жарыққа шықты. «Ұлт ұстазы» сериалын көріп отырып, бабамыздың бүгінгі ұрпақ үшін еткен еңбегінен, күрескерлігінен ерекше әсер, рух алдым. Сол кісілердің маңдай терімен келген бейбіт күннің бүгінгі бақытты ұрпағы сендерсіңдер. Өздеріңді елге қызмет ету жолына қосылды деп есептеймін.  Болашақ әдебиет өкілі ретінде күтеріміз көп, берелеріңіз де мол болсын, — деді Шыңғыс Жұмабекұлы.

Жас ақындарды қолдаудан аянбай жүрген жазушы Мархабат Байғұт бұл жолы да ізбасарларына ақ батасын жаудырды.

— Әдебиеттегі аға буынның атынан алғысым мен құттықтауымды білдіремін. Тәуелсіздіктің 30 жылында өздеріңдей сөз қадірін түсінер мықты буынның қалыптасқанына өте қуаныштымын. Ендігі әдебиеттің бағы мен ары сендерге байланысты. «Әлемнен әдебиетті алып тастасаң, сақырлаған қару мен сықырлаған тиын ғана қалады» деген сөз бар. Әлемнен әдебиетті алып тастағысы келетіндер болған, бола береді. Бірақ, жастарымыз ұрпақтар сабақтастығын сақтай бермек, – деген қаламгер жастарға сенімін білдірді.

– Миллион тұрғыны бар қаланың әдеби ортасы болуы шарт. Бұған дейін поэзиялық ортаны тек Алматыдан көретінбіз. Енді Шымқалада қалыптасқаны бізді қуантады. Шамдық ақындардың көпшілігіне дәріс оқыдым, әрқайсының табиғатын, мүмкіндігін жақсы білемін. Болашақтарынан мол үміт күттіретін жастар. Шымкент келешекте әдебиет орталығына айналады деген сенімдемін, – деді Ақжол Қалшабек шәкірттеріне жылы лебізін арнап.

Бірлестіктің төрағасы, ақын Сүндет Сейітов ерекше толқыныста екенін жеткізді. Шабыт. Арман. Мазмұн. «ШАМ»  бірлестігі осы үш сөздің бас әріптерінің қосындысымен аталған. Бес жыл бұрын, алғаш бірлестік құрғанда қалай болар екен дегенмін. Өздеріңіз куә болып отырғандай, бүгінгі есеп беру кешіне көптеген жетістіктермен жетіп отырмыз. Замандастарымның мұнан да биік белестерді бағындыратынына сенімім кәміл» деді ол.

Кешті жас ақындардың музыкалық әуенмен өрнектеле оқылған лирикалары ерекше әуезге бөледі. Ел ағалары Салтанат Мадиярқызының «Шах-мат» жинағының тұсауын шешті. Автор оқырмандарына қолтаңба беріп, су жаңа кітабын көпшілікке ұсынды.  Шамдық жас ақындар Ж.Жүрсінбек, Г. Жұмабай, А. Мұратәлиева, А. Бейбітбек, Сабыржан Ахат, С.Сейітов, С. Мадиярқызы, С.Мергенбай, М. Әбілазымова, Н. Нұрғазы, Б. Мақашев, Б.Ерман өз туындыларын оқыды. Кездесу соңы поэтикалық дуэльмен тәмамдалды.

А.ТАСТАНБЕК.