ШЫМКЕНТТЕ СҮГІР ӘЛІҰЛЫНА АРНАЛҒАН ЕСКЕРТКІШ АШЫЛДЫ

Бүгін үшінші мегаполисте шертпе күйдің шебері Сүгір Әліұлының ескерткіші ашылды.
Халқымыздың қуанышы мен шаттығын, мұң мен зарын, қайғы-қасіретін қос ішекті домбыра үнімен ғасырлардан бізге жеткізген, киелі аспап домбыраны жан-тәнімен ұғып, өміріне арқау еткен даланың дарабоз күйшілерінің бірі — Сүгір Әліұлына арналған жиынға Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан және өңіріміздің зиялы қауым өкілдері қатысты.
– Сүгір бабамызға қаламыздың әдемі жерінен ескерткіш қойылды. Бұл тек күйші Сүгірге емес, қазақ өнеріне қойылған ескерткіштің бірі деп айтсақ артық емес. Сүгір бабамыздың бұл ескерткіші барша өнерсүйер қауым мен тыңдармандар үшін, оның ішінде Шымкенттің тұрғындары үшін үлкен мақтаныш деп айтуға болады. Ұлы даламызда есімі елге белгілі үш Сүгір болса, оның бірі қазыналы Қаратаудың құшағындағы Созақтың ұланы Сүгір Әліұлы еді. Оның өмірге әкелген «Телқоңыр», «Бозінген» атты әйгілі күйлері Созақ халқының тұрмыс-тіршілігін байқатады. Бұдан бөлек, «Қаратау шертпелері» атты циклді шығармалары тыңдаған жанның бойына қуат, жүрегіне шуақ береді. Бірегей туындылар ғана тыңдарманның жүрегін жаулай алатынын тағы да жан-тәнімізбен сезініп, жүрегімізбен мойындаймыз. С.Әліұлы қайталанбайтын туындыларынан бөлек, үздік шәкірттерге де бай», — деді Шыңғыс Жұмабекұлы.
Осынау ескерткішті жасап, орнатылуына мұрындық болған білімді заңгер, қарымды қайраткер Бекет Тұрғараев бастаған бастамашыл топ.
– Ол 1961 жылы Созақ жерінде қайтыс болып, Қарабура әулие жатқан қорымға жерленіп, кесенесі тұрғызылған. Сүгір Әліұлының ескерткішін үшінші мегаполис Шымкент қаласына орнатуға ұсыныс берген бастамашыл топтың шешімін қала әкімі Мұрат Әйтенов қолдап, А.Байтұрсынов көшесінің бойынан орнатуға шешім қабылдап, Мәдениет және спорт министрлігі жанындағы монументті ескерткіштерді орнату комиссиясына ұсыныс берді. Комиссияның қолдау шешімін алған соң, ескерткіш өз тұғырына қондырылды. Сүгір Әліұлын мәңгілік есте сақтау бағытында біршама жұмыстар атқарылған. Созақта батырлар аллеясына ескерткіш мүсіні қойылған. Шымкент қаласындағы Шәмші Қалдаяқов атындағы филармонияның жанындағы оркестрге Сүгір атын берген. Созақ ауданында орта мектепке Сүгірдің аты қойылған. Алда да осы тақылеттес жұмыстар жалғасын таба береді, — деді Бекет Тұрғараев өз сөзінде.
Ескерткіштің нобайын жасап, орнатқан шымкенттік мүсінші Әбдікәрім Ахметов. Ал ескерткішті жасауға демеушілік көрсеткен кәсіпкер Амангелді Мақашов.