ШЫМКЕНТТЕ ТӘУЕЛСІЗДІК КҮНІ ДҮНИЕГЕ КЕЛГЕН 238 СӘБИ «СҮЙІНШІ» СЫЙЛЫҒЫН АЛДЫ
Шымкент қаласында Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерекесі күндерінде өмірге келген 238 бала Мемлекет басшысының атынан «Сүйінші» сыйқорабын алды.
«Сүйінші» атты сыйлық жиынтығына бөбектерге қажетті заттардан басқа ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау тілегі жазылған хат пен «Тәуелсіз Қазақстанға 30 жыл» монетасы және баланың тууы туралы куәлігі салынған.
Президенттің құттықтау хатында: «Айналайын, бөбек! Сенің туған күнің еліміздің ең басты мерекесімен тұспа-тұс келді. Өзің дүние есігін ашқан кезде халқымыз қастерлі Тәуелсіздігінің 30 жылдығын атап өтіп жатты. Саған бақытты әрі ұзақ ғұмыр тілеймін!», — деп жазылған.
Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының қызметкерлері мен АХАЖ өкілдері бірлесіп 16-17 желтоқсанда перзентханаларда құжаттарды қабылдады. Осы күндері Шымкент қаласында барлығы 238 сәби дүниеге келді, оның ішінде 3 егіз. «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Шымкент қаласы бойынша филиал директоры Данабек Исабеков мереке күндері жұмыс істеп, туу туралы куәліктерді ресімдегені үшін АХАЖ мамандарына және бэби-бокстарды жеткізген «Қазпошта» қызметкерлеріне, қажырлы еңбегі үшін барлық дәрігерлерге алғыс айтты.
Айта кету керек, «Сүйінші» сыйқораптары ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш министрлігі «Азаматтарға арналған үкіметпен бірге және ҚР Ұлттық банк, Центркредит банкі және «Қазпошта» АҚ қатысуымен ұйымдастырылды.
Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі