ШЫМКЕНТТЕ «ТЕҢ ҚОҒАМ» ОРТАЛЫҒЫ АШЫЛАДЫ
Шымкент қаласында осы жылы мүмкіндігі шектеулі жандардарды қолдау үшін бюджеттен 3,2 млрд теңге қаржы қаралып отыр. Бұл қаражат 22 мыңнан астам ерекше күтімді қажет ететін азаматтарға арнайы құралдар сатып алу үшін және түрлі деңгейдегі әлеуметтік қызмет көрсетуге бағытталады.
Қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Қ.Сайлауов әкімге берген есебінде осылай деді.
Басқарма басшысының сөзінше, биыл қалада мүмкіндігі шектеулі азаматтарға кешенді қызмет көрсететін арнайы орталықтың ашылуы жоспарланған.
– Биыл наурыз айында ерекше қорғалған жандарды қолдау мақсатында «Тең Қоғам» орталығын құруды жоспарлап отырмыз. Орталықта мамандар құқықтық кеңестер мен бағыт береді. Азаматтардың сұранысы мен мүмкіндігіне қарай жұмыспен қамту шараларына тартып, кәсіпке баулиды. Тұрғын үймен қамту мәселелеріне қатысты кеңестер де ала алады. Осы мекемеде aleumet.egov.kz порталы арқылы өздеріне тиесілі түрлі әлеуметтік қызметтерга тапсырыс беруге мамандар көмектеседі,-деді ол.
Сонымен қатар ерекше қорғалған азаматтар үйден шықпай-ақ электрондық қолтаңбамен http://aleumet.egov.kz сілтемесі арқылы әлеуметтік қызметтерді алуға мүмкіндігі бар. Портал арқылы таңдалған тауар азаматтың үйіне жеткізіледі немесе қоймадан өзі алып кете алады.
Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі