ШЫМКЕНТТЕ ТОП-10 ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ЖОБАЛАР ІСКЕ АСАДЫ
Шымкент қаласында 2021-2025 жылдарда іске асырылатын ТОП-10 инвестициялық жобалар қалыптастырылды. Атап айтқанда:
БІРІНШІ — «Шымкент Сити» аумағынан Оңтүстік Кореялық инвесторлардың қатысуымен «Highvill Kazakhstan» компаниясының көпқабатты тұрғын үйлер кешені. Аталған жобаны жүзеге асыру үшін 49 гектар жер телімі бөлінді. Инвестиция көлемі 387 млрд. теңгені құрайды. Бүгінде үлестік қатысу және жер телімдерін сатып алуды жалға алу құқығы бойынша жұмыстар жүргізілуде.
ЕКІНШІ — «Университетская клиника» ЖШС-ның 1000 орындық университет клиникасы мен ауысымына 700 адам қабылдайтын емхана құрылысы. Жоба 2023 жылы іске асырылып, қалаға 120,3 млрд. теңгеге инвестиция тартылады. Жобаның құжаттары мемлекеттік сараптамаға жолданып, ескертулер (жол және кәріз жүйелері) бойынша тиісті жұмыстар атқарылуда. 150 га жер теліміне мемлекеттік Акт алынды.
ҮШІНШІ — «Шымкентская химическая компания» ЖШС-ның метил-трет-бутил эфирі мен ұнтақ пропилен өндіру зауыты құрылысының бірінші жобасы 2021 жылы 2-тоқсанында іске асырылып, жаңа 150 жұмыс орындарымен, қалаға 11 млрд. теңгеге инвестиция тартылатын болады. Аталған жобаның бірінші кезеңі жүзеге асырылуда, сондай-ақ, іске қосу-баптау және жабдықты орналастыру жұмыстары жүргізілуде.
ТӨРТІНШІ — «KazAlPack» ЖШС-ның алюминий ыдыс өндірісі. Жоба бойынша қалаға 19,7 млрд. теңге инвестиция тартып, 157 жаңа жұмыс орнымен қамтылуы жоспарлануда. 2021 жылдың 4-тоқсанында іске асады деп жоспарланып отыр. Бүгінде жобаның құрылыс-монтаж жұмыстары 50% аяқталды. Жобаға қажетті жабдықтардың негізгілері жеткізілді.
БЕСІНШІ — қытайлық инвесторлардың қатысуымен құны 18,2 млрд. теңгеге тең, жаңа 250 жұмыс орындарымен қамтитын металлургиялық зауыты. 2020 жылдың қыркүйек айында зауыт сынақ режимінде іске қосылды. Зауыттың толық іске қосылуы 2021 жылдың 1-тоқсанына жоспарланған.
АЛТЫНШЫ — «SCAT «ӘК» АҚ-ның халықаралық әуежайдың жаңа жолаушылар терминал құрылысының жобасы 2021 жылдың 4-тоқсанында іске асырылып, қалаға 16,7 млрд. теңгеге инвестиция тартылады. Қала тұрғындары 100 жаңа жұмыс орындарымен қамтылатын болады. Қазіргі уақытта құрылыс-монтаждау жұмыстарының 40%-ы ғана аяқталды. Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі Инвестиция комитетімен инвестициялық келісім жасасу үшін бизнес-жоспар әзірленуде.
ЖЕТІНШІ — «Asia trafo» ЖШС-ның қуаттылығы 220, 500 кВ құрайтын трансформатор зауыты. Жоба 2022 жылы іске асырылып, жаңа 250 жұмыс орындарымен, қала экономикасына 18,0 млрд. теңгеге инвестиция тартылады. Жобаны іске асыру үшін «Alageum Electric» компаниясымен бірге маркетингтік талдау жұмыстары жүргізілуде.
СЕГІЗІНШІ — «Standart Steel» ЖШС-ның түсті металл концентратын алу үшін қалдықтарды қайта өңдеу зауыты. Жоба ағымдағы жылы іске асырылып, 8,5 млрд.теңгеге инвестиция тартылады. Нәтижесінде 400 жаңа жұмыс орны құрылады. Қазіргі уақытта жобалық-сметалық құжаттамасы мемлекеттік сараптама қарауында. Жобаның іске асу мерзімі 2021 жылдың 3-тоқсаны.
ТОҒЫЗЫНШЫ — «ONGUD GROUP CO.LTD» ЖШС-ның теріден аяқ киім және басқа да бұйымдар өндірісінің жобасы 2023 жылы іске асырылады деп көзделуде. Жобаның жалпы құны 3,8 млрд. теңге, жаңа жұмыс орындарының саны – 200. Қазіргі таңға, жобаға қажет 6 га жер телімі бөлініп, қоршау жұмыстары жүргізілуде. Зауыттың құрылысы жұмыстарының басталуы ағымдағы жылдың 2-тоқсанына жоспарлануда.
ОНЫНШЫ — Өзбек инвесторымен бірлескен «Dentafill Kazakhstan» ЖШС-нің дәрі-дәрмек және гигиеналық құралдардың өндірісі. Жобаның жалпы құны 2,5 млрд. теңгені құрайды. 2021 жылдың 3-тоқсанында жүзеге асырылып, жаңа 90 жұмыс орындарымен қамтылады.
Қосымша сұрақтар бойынша: 109
Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі