ШЫМКЕНТТЕ ТҰРҒЫНДАР ӘЛЕУМЕТТІК САЛА МАМАНДАРЫНАН КЕҢЕС АЛДЫ
Шымкент қаласында жұмыссыз отбасылар мен көпбалалы аналардың әлеуметтік мәселесін шешу жолында «SHANYRAQ» отбасы институтын қолдау орталығы нәтижелі жұмыс істеп келеді. Аталған орталықта Қаратау ауданында тұратын көпбалалы аналар мен мұқтаж тұрғындар әлеуметтік саланың мамандарымен кездесіп, мемлекет тарапынан ұсынылатын әлеуметтік көмек пен бос жұмыс орындары жөнінде пікірлесті.
Басқосуда тұрғындар мамандаран қолжетімді баспана алу жолдары мен жұмыспен қамту шаралары, мүгедектерге берілетін көмектер жөнінде сұрақтарына жауап алып, «Еңбек» бағдарламасы туралы мағлұматтарға қанықты. Бүгінде аталған мемлекеттік бағдарлама аясында азаматтар жеке кәсібін ашып, түрлі санаттар бойынша жұмыспен қамтылуға мүмкіндік мол екені туралы түсіндірілді.
Сонымен қатар, кеңес алуға келушілер өз мұқтаждықтарын да жеткізді. Аудан әкімдігінің өкілдері мемлекеттік бағдараламаларға қатысуға құжат әзірлеуге көмектесті.
Айта кетейік, қазір Қаратау ауданында 10 мыңнан астам отбасы атаулы әлеуметтік көмек алуда. Демеушілер тарапынан да мұқтаж тұрғындарға азық-түліктер мен көмір жеткізіліп отыр.
Құрметті Шымкент қаласының тұрғындары! Әлеуметтік көмекке қатысты сұрақтарыңыз бен мемлекеттік бағдарламар жөнінде көбірек білгіңіз келсе «SHANYRAQ» отбасы институтын қолдау орталығының мамандары сіздерге кеңес береді. Мекенжайы: Қаратау мен Еңбекші ауданы тұрғындары Бәйдібек би даңғылы, 32а, Абай мен Әл-Фараби ауданы тұрғындары Әл-Фараби алаңы, 3/2.
Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі