ШЫМКЕНТТЕ ЖАЛПЫ ӨҢІРЛІК ӨНІМ 2025 ЖЫЛЫ 3,7 ТРЛН ТЕҢГЕГЕ ЖЕТЕДІ

Шымкент қаласында экономиканың тұрақты дамуын жыл сайын орта есеппен 5-6 пайызға қамтамасыз ету көзделіп отыр. Осылайша, жалпы өңірлік өнімді 2025 жылға қарай 3,7 трлн теңгеге жеткізу жоспарланып отыр.

Бұл жөнінде экономика және бюджетті жоспарлау басқармасы басшысы Рақымберді Мулкеманов «Nur Otan» партиясы Шымкент қалалық филиалының кезектен тыс XLI конференциясында баяндады.

Мұндай межеге жету үшін қаланың өнеркәсіп саласында 2021-2025 жылдары жалпы құны 1,36 трлн теңгені құрайтын 123 инвестициялық жобаны жүзеге асыру көзделуде. Бұдан бөлек, жылыжай, қарқынды бау, мал бордақылау, мал және құс етін өңдеу бойынша 42 инвестициялық жоба қолға алынбақ.

Сондай-ақ, ауданы 306 га құрайтын 3 индустриалды аймақтар ашу жоспарланды. Нәтижесінде, қалада барлық салаларда 80 мың тұрақты жаңа жұмыс орындары ашылып, алдағы 5 жылдықта жұмыссыздық деңгейін 5,2 пайыздан 4,9 пайызға дейін төмендету көзделді.

Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі