ШЫМКЕНТТЕ ЖАСТАР ПРАКТИКАСЫ БОЙЫНША 500-ГЕ ЖУЫҚ АЗАМАТ ТӘЖІРИБЕ ЖИНАҚТАУДА
Шымкентте жұмыспен қамту орталығы жыл басынан 472 азаматты «Жастар практикасы» бойынша 6 ай мерзімге жұмысқа жолдады. Олар ай сайын 25 айлық есептік көрсеткіш көлемінде еңбекақымен қамтылып отыр.
Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының үшінші бағыты шеңберінде жұмыссыз жүрген жастар медициналық, педагогикалық және техникалық мамандықтары бойынша түрлі мекемелер мен кәсіпорындарға жолданған.
Мемлекеттік бағдарлама жоғарғы оқу орындары мен колледж түлектеріне бастапқы жұмыс тәжірибесін жинақтап, біліктілігін шыңдауға мүмкіндік береді.
«Жастар практикасы» уақытша жұмыс орны болып есептелінеді. Бағдарламаға 29-жастан аспаған «жұмыссыз» мәртебесі бар және соңғы үш жыл ішінде жоғарғы оқу орындары мен колледждердің техникалық және кәсіби білім түлектері қатыса алады.
Айта кетсек, бағдарламаға тек бір рет қатысуға болады. Шымкентте жыл соңына дейін бұл бағыт бойынша 2500 адамды жұмыспен қамту жоспарланған.
Фото:архив
Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі