ШЫМКЕНТТЕГІ 28 МЕДИЦИНА ҰЙЫМЫ «АҚЫЛДЫ ЕМХАНА» ЖҮЙЕСІНЕ КӨШУДЕ

Шымкент қаласындағы 28 медицина ұйымы «Ақылды емхана» жүйесіне көшіп жатыр. Бұл туралы қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Б.Пазилов қала әкімі алдындағы есепті жиында айтты.

Осы жылдың бірінші тоқсанында атқарылған іс-шаралар жайын баяндаған басқарма басшысы қаладағы медицина саласын цифрлық технологияға көшіру жұмыстары қарқын алғанын атап өтті.

Мәселен, жоғарыда аталған емханаларға QR код жүйесі орнатылып жұмыс жүргізілуде. QR код қосымшасы арқылы науқастар дәрігердің қабылдауына жазылып, медицина маманын үйіне шақыруына болады. Ең маңыздысы – ұсыныстар, арыз-шағым мен талаптар қалдыруға да жағдай жасалған.

Сонымен қатар, емханалар «ДамуМед» медициналық ақпараттық жүйесімен жұмыс жүргізуде. Шаһарда мобильдік қосымшаны пайдаланушылар – 201 780 адам. Электрондық денсаулық паспорттары 1052849 пациентке толтырылған. Бұл – қала халқының 97,8 %-ы.

Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі