ШЫМКЕНТТЕГІ АУРУХАНАДА ТҰЗДЫ ШАХТА АШЫЛДЫ
Шымкентте Т.Орынбаев атындағы гипербариялық оксигенация орталығында тұзды шахта бөлмесі ашылды. Мұнда коронавирус және пневмонияға шалдыққан науқастар оңалту емінен өте алады. Аурухана базасында бұған дейін ковидтен кейінгі қалпына келтіру бөлімшесі ашылған болатын. Бөлімшеде ем қабылдайтын науқастар енді тұзды үңгірде денсаулығын сауықтыра алады.
Оңалту орталығында 7-10 күн аралығында денсаулығын нығайтуға мүмкіндік бар. Коронавируспен ауырған науқас үшін ем алу тегін. Барлық шығын мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры есебінен өтеледі. Тұзды үңгірдің баламасы саналатын осы бөлмеде науқастар 4-5-тен топтанып кіріп, 20 минуттай отырады. Осылайша әр пациент 10 сеанс қабылдайды.Дәрігерлердің айтуынша, тұзды шахта науқас денсаулығын дәрі-дәрмексіз нығайту үшін жақсы әдіс.
“Тұзды бөлменің ылғалдылығы, барометрлік қысымы бірқалыпты деңгейде болады. Тыныс алу арқылы тұздың микро бөлшектері қанға түсіп, қандағы гистаминнің деңгейін, ақуыз-көмірсу алмасуының деңгейін бірқалыпты етеді. Тыныс жүйесіне, бронх ағаштары арқылы микротұздар ену нәтижесінде тыныс алуды жақсартады. Тұзды шахта созылмалы шаршағыштық синдромы, фобия, аллергиялық аурулар, поллиноздар, жедел респираторлық инфекцияның алдын алу, тұмау, тері аурулары-экзема нейродермит, тыныс жолдарының жедел және созылмалы ауруларында, жедел және созылмалы риниттерде, ларингитте, фарингитте, трахеитте, синуситте, аденоидтарда қолдануға болады. Бронх өкпелік шаң тозаңдық ауруларда, вегето тамырлық дистонияда, невроздарда, қан қысымы жоғарылауының I-II дәрежесінде, гипотонияда ем шарасы ретінде тағайындалады,”-дейді аурухананың бас дәрігері М.Ермаханбетова.