ШЫМКЕНТТІК ДӘРІГЕРЛЕР 93 ЖАСТАҒЫ ӘЖЕЙГЕ ПЫШАҚСЫЗ ОТА ЖАСАДЫ

12 ақпанда 1928 жылғы қала тұрғыны тұрмыстық жарақат алып, жедел жәрдем көлігімен белгілі трансплантолог Абылай Домбай басқаратын №1 қалалық клиникалық ауруханаға жеткізілген.

Дәрігерлер әжейді тексере келе аяғындағы ұршықтың сынғанын анықтап, шұғыл түрде ота жасауға шешім қабылдаған. Бір сағат көлемінде жасалған ота кезінде травматологтар әжейдің сынған ұршық орнына блоктаушы темір қойып берді. Қарт кісінің жасын ескерген медицина мамандары операцияны пышақсыз, яғни жабық ота жасады.

Білікті мамандар жасаған операция сәтті өтіп, 93 жастағы әжей екінші тәулікте аяғын басты. Қазір қарт кісінің жағдайы жақсы, ауруханадағы дәрігерлердің бақылауында.

«Ауруханаға түскен әжейдің аяғын рентген аппаратына түсіргенде ұршығы сынғаны анықталды. Кейін бірден ота жасап, сынған ұршықты темірмен бекітіп бердік. Әзірше бір аптадай азаматша біздің бақылауымызда болады» — деді травматолог Асхат Абдумаликов.

Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі