ШЫМКЕНТТІК ДӘРІГЕРЛЕР КҮРДЕЛІ ОТА ЖАСАДЫ

Шымкент қалалық балалар клиникалық ауруханасының дәрігерлерлері алғаш рет жүрек ақауына шалдыққан науқас балаға күрделі ота жасады. Білікті мамандар ангиограф аппаратын қолдана отырып, жүрекке тіліксіз операция жасаған.

Тумысынан ауыр дертке шалдыққан 4 жасар қыз баласы қалалық балалар клиникалық ауруханасына жеткізілген. Ауыр жағдайда түскен науқаста ентікпе-көгеру, дем жетіспеушілігінінің жиілігі сынды шағымдар болған. Пациенттің жағдайы бойынша дәрігерлер консилиум жасап, жедел түрде интервенциялық кардиология, ангиохирургия бөлімшесіне жатқызады. Диагностикалық зерттеулер барысында туа бітті пайда болған ақау жүректен шығатын магистральды тамыр – өкпе артериясы қақпақшасының тарылуынан туындағаны анықталды.

Балақайдың өмірін аман алып қалу үшін дәрігерлер интервенциялық  эндоваскулярлы әдіспен транслюмминальды баллонды вальвулопластика ота жасады.

Дәрігерлер операцияның сәтті өткенін мәлімдеді. Отадан кейін науқас бала бөлімшеге ауыстырылған. Қазіргі жағдайы жақсы.

– Бұл ақау туа бітті пайда болады, егер ота жасамаса, ентікпе-көгеру белгілері күшейіп, бала шетінеп кетуі мүмкін. Операция кезінде жүрек қақпақшасын жабық түрде кеңейттік. Яғни, баллонды вальвулопластика жасадық. Операция сәтті өтті. 23-наурыз күні пациентті үйіне шығардық”– дейді кардиология, ангиохирургия бөлімшесінің меңгерушісі Олжас Шынтасов.