ШЫМКЕНТТІҢ БІЛІМ ОШАҒЫНДА «SOS ДАБЫЛ БАТЫРМАСЫ» ОРНАТЫЛДЫ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың білім беру мекемелеріндегі қауіпсіздік шараларын барынша күшейту жөніндегі тапсырмасына сәйкес Шымкентте жауапты мекемелер пилоттық жоба әзірледі.
Шымкент қаласының Полиция департаментіне қарасты жедел басқару орталығы, Цифрландыру басқармасы мен IDC компаниясы бірлесе шаһардағы №83 жалпы орта мектепте пилоттық режимде интеграцияланған дабыл батырмасын орнатты.
Бұл «SOS дабыл батырмасы» білім ошақтарындағы оқушылардың қауіпсіздігін нығайту мақсатында орнатылған. Пилоттық режимде іске қосылған батырма екі бөліктен тұрады. Жоғарғы бөлігінде эвакуациялау жоспары экранда көрсетіледі, төменгі бөлігінде дабыл батырмасы мен микрофон тұрады. Мектепте орын алған кез-келген төтенше жағдайда батырманы басқан кезде, аталған төтенше жағдай бойынша дабыл қағылады. Мәлімет жедел басқару орталығына немесе мектеп операторына келіп түседі. Дабылдан кейін жедел көмек түрі ұсынылады.
«SOS дабыл батырмасы» пилоттық жобасын қаладағы барлық мектепке орнату жоспарланып отыр.
Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі