СОЗАҚ АУДАНЫНДА ҚУАТТЫЛЫҒЫ 1 600 КВТ ҚҰРАЙТЫН ҚОСАЛҚЫ СТАНЦИЯ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ

Созақ ауданындағы Абай ауылында 35/10 кВт-тық қосалқы станция іске қосылып, ауыл тұрғындарының көптен көтеріп жүрген мәселесінің түйіні шешілді. Жаңа станцияны іске қосу рәсіміне аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков арнайы қатысып, жергілікті тұрғындардың қуанышына ортақтасты. Жаңа қосалқы станцияны іске қосу арқылы Абай ауылымен қатар Балдысу және Қарабұлақ елді мекендерінің де электр қуатын арттыру көзделген.
Еске сала кетсек, өткен жылдың қаңтар айында Абай ауылына келетін 10 кВт-тық қуат желісі желдің өтіне қолайсыз орналасқандықтан 13-шақырымдағы 200-ге жуық бағана құлап, тұрғындар бірнеше күн әуре-сарсаңға түскен болатын. Орын алған жайттан соң тұрғындар электр желісін қолайлы бағытқа алмастыру жөнінде бірнеше рет мәселе көтерді. Бұған қоса, Балдысу және Қарабұлақ елді мекендерінде электр энергиясы қуатының жетіспеуі сынды мәселелер де айтылып келді. Нәтижесінде Абай ауылы Шолаққорған-Созақ бағытындағы 35 кВт жоғарғы кернеулі қуат желісіне қосылды. Сондай-ақ, 9,5 шақырымды құрайтын қашықтыққа 84 дана жаңа бағаналар тұрғызылды. Ауыл маңынан қуаттылығы 1 600 кВт сыртқы үлгідегі қосалқы станция салынып, іске қосылды.
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі