СОЗАҚТА ЖАЛПЫАУДАНДЫҚ СЕНБІЛІК ҰЙЫМДАСТЫРЫЛДЫ

Бүгін Созақ ауданына қарасты ауылдар мен елді мекендерде «Таза Қазақстан» Республикалық шарасы аясында сенбілік жұмыстары өтті. Сенбілікке 1900-ға жуық мекеме қызметкерлері, тұрғындар мен белсенді жастар және 16 арнайы техника жұмылдырылды.
Аудан аумағын көркейту-көгалдандыру жұмыстарын өз бақылауына алған аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков ішкі көшелер мен әлеуметтік нысандардың ауласын аралап, қосымша атқарылу керек жұмыстарды пысықтады.
Сенбілікке барлық мекеме қызметкерлері, белсенді жастар мен ауыл тұрғындары жұмыла кірісіп, аялдамаларды, ішкі көшелер мен саябақтарды тұрмыстық қалдықтардан тазартты. Бұған қоса су өткелдері, көпірлер, өзен, канал, бұлақ, арық бойлары тазаланып, көше бойындағы талдардың түптері әктелді. Түркістан бағытына шығар жол бойындағы “Жасыл белдеу” аумағындағы шөптерді отап, егілген тал көшеттерін күтіп-баптау, суару жұмыстары жүргізілді.
Оған қоса 33 шақырым көше бойлары мен 18 шақырым аяқ жолдар ретке келтірілді. Өзен-көлдер мен арықтардың 9 шақырымы тазаланып, полигондарға сенбілік барысында 69 тонна қоқыс тасымалданды.