СҰРАҚТАРҒА ТОЛЫҚҚАНДЫ ЖАУАП БЕРІЛІП, АЙТЫЛҒАН ҰСЫНЫСТАРДЫҢ ШЕШУ ЖОЛДАРЫ ҚАРАЛДЫ

Төлеби ауданы әкімінің міндетін уақытша атқарушы Сержан Дүйсебаевтың аудан тұрғындарымен кезекті кездесуі Жоғарғы Ақсу ауылдық округінде өтті. Кездесуде Сержан Дауылбайұлы ауданның әлеуметтік – экономикалық дамуының 2024 жылдың 8 айдағы көрсеткіштері мен Жоғары Ақсу ауылдық округінде атқарылған жұмыстары мен жүзеге асатын жобаларын таныстырды.
Ақсу өзенінің жағалауынан орын тепкен құрамында екі елді мекені бар Жоғарғы Ақсу ауылдық округінде инженерлік-коммуникация жүйелері толығымен шешімін тапқан. Мәдени және Сарқырама елді мекендеріндегі ішкі көшелерінің жарамдылығы –100 %, яғни барлық жолдар жөндеуден өткен. Округ халқы табиғи газбен толық қамтылған, ауыз су мәселесі де шешімін табуда. Мәдени елді мекенінің ауыз су құбырларын жаңарту үшін жоба-сметалық құжаттама әзірленуде. Жыл аяғына сараптамадан алу жоспарлануда. Төңкеріс магистралды су құрыбыры желісін ағымдағы жөндеуге Мәдени (Ұңғыма қазу) 59,5 млн теңге қарастырылды. Мердігер анықталуда. Электр жүйелері де жаңартылған. Сондай-ақ,Мәдени елді мекенініндегі спорт кешенінің жоба-сметалық құжаттамасын түзетуге қаржы қарастырылып, жобалаушы мекемені анықтау үшін конкурс рәсімделуде.
Аудан әкімінің бірінші жарты жылдықта округ тұрғындарымен кездесу барысында 8 мәселе көтерілсе, бүгінгі күні барлығы бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, кейбір мәселелердің шешімі табылған.
Кездесу барысында аудан әкімінің міндетін уақытша атқарушы Сержан Дауылбайұлы ауыл азаматтары тарапынан қойылған барша сұрақтарға толыққанды жауап беріп, айтылған ұсыныстар бойынша мекеме және бөлім басшыларына тапсырмалар жүктеді. Көтерілген мәселелердің назарға алынатынын, сондай-ақ кезең-кезеңімен жоспар бойынша шешімін табатынын айтты. Айтылған ұсыныс пен қозғалған мәселе күн тәртібінен түспейтіндігін және жылдың аяқталуына байланысты кейбір жобалар алдағы жылдардың еншісінде кезең-кезеңімен шешімін табатындығын түсіндірді.
Төлеби ауданы әкімінің баспасөз қызметі