СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ ФОРУМ ӨТТІ

Шымкент қаласының ANTICOR орталығында «Қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру: қоғаммен байланыс» атты форум өтті. Халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күніне орай ұйымдастырылған іс-шарада аталған дертпен күресу мәселелері жан-жақты талқыға түсті.
Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов форумның маңыздылығына тоқталып, бұл бағыттағы атқарылған жұмыстардан хабардар етті.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру үшін «Мемлекеттік басқарудың жаңа үлгісін қалыптастыру», «Әділетті мемлекет құру» және «Азаматтардың мемлекетті басқару ісіне қатыстыру» бағытында мемлекеттің жаңа стандарттарын әзірлеу бойынша бірқатар тапсырмалар берді.
Бұл дертпен күреске қоғам болып жұмылуымыз керек. Қалада сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру мақсатында «Шымкент – адалдық алаңы» жобалық кеңсесі, «Ашық әкімдік», «Фронт офис» жобалары жұмыс істеуде. Шымкент қаласы әкімдігі тарапынан көрсетілетін мемлекеттік қызметтер түрлерін электронды форматқа ауыстыруда көптеген жұмыстар атқарылды. Атқарылған жұмыстардың сапасын жоғары нәтижеге жеткізу үшін қала тұрғындары арасында сыбайлас жемқорлыққа мүлдем төзбеушілік қағидасын іске асыруымыз керек, – деді қала әкімі.
Сондай-ақ, форумда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің басшысы Асхат Жұмағали, ақпараттық-ағартушылық штабының мүшелері – жазушы Мархабат Байғұт, қоғам қайраткері Шалатай Мырзахметов, саясаттанушы Сәкен Мәжінбеков, тағы басқалар баяндама жасап, өз ойларын ортаға салды.
Іс-шара соңында белсенді қоғам өкілдері, БАҚ өкілдері, «Парасатты отбасы», жас суретшілер, бейнеролик байқауының жеңімпаздары марапатталды.

Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі