СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ КҮРЕСУ ЖӘНЕ ОНЫҢ АЛДЫН АЛУ ЖОЛДАРЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ
Шымкент қаласының әкімі М.Әйтеновтің төрағалығымен өңірдегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөнінде кеңес өтті.
Іс-шараға Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің қалалық департаментінің басшылығы, қала әкімінің орынбасарлары, аудан әкімдері, аумақтық департаменттер мен басқармалардың басшылары қатысты.
Жиында сөз алған Мұрат Дүйсенбекұлы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл шараларын күшейту аясында аталған іс-шараның маңыздылығын атап өтті. Шаһар басшысы еңбек ұжымдарында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастырудағы мемлекеттік органдар басшыларының рөліне назар аударып, бірқатар нақты тапсырмалар берді.
Өз кезегінде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің қалалық департаментінің басшысы А. Жұмағали жемқорлық ұлттық қауіпсіздікке қауіп деп танылғанын және оған қарсы күрес мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтарының бірі болып айқындалғанын атап өтті.
«Сыбайлас жемқорлықтан ада қоғамды қалыптастырудағы қайсарлық пен ымырасыздық ел басшылығының саяси еркі мен азаматтық қоғам, бизнес және қатардағы қазақстандықтардың кеңінен қолдауы арқылы туындап отыр. Бұл аспектіде мемлекеттік саясатты тиімді іске асыруға бағытталған мемлекеттік қызметшілер маңызды рөл атқарады. Бұл жерде күш-жігерді біріктіру және бірлескен шаралар арқылы сыбайлас жемқорлықтың себептерін, яғни олардың алғышарттарын жою қажет», — деді Асхат Жұмағали.
Сондай-ақ жыл басынан Департаментпен 123 қылмыс тіркелгендігін, олардың басым бөлігі парақорлық, алаяқтық және бюджет қаражатын талан-таражға салу фактілеріне тиесілі екендігін атап өтті.
Сыбайлас жемқорлық көріністері білім беру саласында көбірек кездеседі. Аталған салада 32 қылмыс тіркеліп, 7 тұлға жауапкершілікке тартылған. Қылмыстың өсуінің теріс үрдісі денсаулық сақтау саласында да байқалады. Аталған салада 10 қылмыс анықталып, оларды жасағаны үшін 4 медицина қызметкері сотталған. Бұл тізімде жер қатынастары және әлеуметтік қорғау саласы да бар.
Кеңес барысында бюджет қаражатын жымқырған деген күдікпен Шымкент қаласының сәулет және қала құрылысы басқармасының бұрынғы басшысына қатысты ҚР ҚПК 200-бабы тәртібінде ұсыну қаралды.
Сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасаған адамдар үшін шартты түрде мерзімінен бұрын босатуға тыйым салуды белгілеу, құқық қорғау органдары қызметкерлері мен судьялардың сыбайлас жемқорлық үшін жауапкершілігін күшейту, сондай-ақ мемлекеттік қызметшілерге, Парламент депутаттары мен судьяларға шетелдік банктерде шоттар ашуға және иеленуге тыйым салу туралы заңнама нормалары түсіндірілді.