СЫРТҚЫ САЯСАТТЫҢ САРДАРЫ ҚАЗАҚСТАН

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздік жылдарында бай да бірегей сыртқы саясат тәжірибесін жинақтады. Екіжақты мемлекетаралық қарым-қатынастардың, сондай-ақ өңірлік және жаһандық байланыстардың мықты
өзегі – жоғары деңгейлі саяси диалогтарды жүргізе білу. Осы факторға мемлекет ерекше, жіті мән берді.

2000 жылдары көпқырлы сыртқы саясат берекелі жеміс берді, еліміздің тұрақты дамуына және көлемді инвестициялар тартуға қомақты үлес қосты.
Егемен Қазақстан – жаһандық қоғамдастықтағы ұлттық-мемлекеттік мүдделерді мұқият сақтап және қорғай отырып, әлемнің барлық елімен тең дәрежеде тұрақты достық қатынас орната алған мемлекеттердің бірі.

Жедел өсу жылдары да, 2008–2009 жылдардағы әлемдік дағдарыс кезеңі де көпқырлы экономикалықты, демек саяси байланыстарды да өрістетудің қажеттігін дәлелдеп берді.
Жаңа ғасырдың алғашқы онжылдығы жалпы алғанда сыртқы саясаттың көпқырлылығы және көпдеңгейлілігі – Қазақстанның егемен мемлекет ретіндегі саналы және әбден ақылға салынған таңдауы болғандығын көрсетті.

2000-жылдары Қазақстан Республикасы үшін Ресей Федерациясымен қарым-қатынас шешуші мәнге ие болды. Қазақстан – Ресей қатынастарының қарқыны мен сапасы екі мемлекеттің ұстанымдарының маңыздылығы
мен жақындығын айғақтай отырып, едәуір өсе түсті.

2002 жылдың мамыр-маусым айларында Ресейдің көптеген қалаларында Қазақстанның мәдениет күндері өтті. Ал 2003 жыл – Қазақстанның Ресейдегі жылы болды. Осы оқиғалар екі тәуелсіз мемлекеттің мәдени ынтымақтастығының шыңы іспетті еді.
2003 жылдың мамырында Санкт-Петербургте қаланың 300 жылдық мерейтойына Қазақстан сый жасады – ақын Жамбыл Жабаев ескерткіші орнатылды. Ескерткіштің ашылу рәсімінде Елбасы «осы қарапайым сыйлық біздің
екі халықтың – қазақтар мен орыстардың, қазақстандықтар мен ресейліктердің бауырластығының, достығының мәңгілік символына айналсын» деген тілек айтты.

Қазақстан мен Ресей өңіраралық ынтымақтастығының І форумы 2003 жылдың сәуірінде Омбы қаласында өтті. ІІ форум – 2005 жылдың мамырында Челябіде, ІІІ форум – 2006 жылдың қазанында Оралда, IV – 2007 жылдың қазанында Новосібірде, V – 2008 жылдың қыркүйегінде Ақтөбеде, VI – 2009 жылдың қыркүйегінде Орынборда, VII – 2010 жылдың қыркүйегінде Өскеменде, VIII – 2011 жылдың қыркүйегінде Астрахань қаласында өтті.
2005 жылдың 18 қаңтарында Мәскеуде Қазақстан – Ресей мемлекеттік шекарасына қатысты аса маңызды шартқа қол қойылды.

Жаңа ғасырдың бірінші онжылдығында Қазақстан – Қытай қатынастары қарқынды түрде нығая және дами түсті.

2003 жылдың наурызына ҚХР төрағасы болып Ху Цзиньтао сайланды. Көп уақыт өтпей-ақ, 2003 жылдың маусым айында ол Қазақстанға мемлекеттік сапар жасады. Сапар барысында тараптар Қазақстан Республикасының мұнай-газ саласына инвестиция туралы, ҚХР-ға мұнай құбырын және газ құбырын тарту жобасы туралы құжаттарға қол қойды. 2003 жыл Қазақстан мен Қытайдың белсенді энергетикалық ынтымақтастығының бастауы болды.
2004 жылдың мамырында Қазақстан – Қытай ынтымақтастығы жөніндегі комитет құрылды. 2004 жылдың қыркүйек айында Қытайдың Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданына жұмыс сапарымның қорытындысы бойынша «Қорғас» шекара бойындағы халықаралық орталығын құру жөніндегі келісімге қол жеткізілді.

2010 жылдың маусымында ҚХР төрағасы Ху Цзиньтао Қазақстанға келді. Ол стратегиялық әріптестікті дамытуға қатысты бес ұсыныс білдірді. Олар – стратегиялық өзара сенімді нығайту; іскерлік ынтымақтастықты кеңейту
және ортақ мүдделерге қол жеткізу; гуманитарлық салада белсене жұмыс істеу және достықты нығайту; өңірлік тұрақтылықты қолдау; көпжақты өзара әрекеттестік және біріккен мүддені қорғау.

Қазақстан ҚХР-дағы атом электр стансалары қажеттілігінің 40 процентке жуығын өтейтін уран жеткізу туралы келісім жасады. Шикізаттық емес секторлардағы ынтымақтастық туралы келісімдерге қол жеткізілді.

2000-шы жылдар жоғары деңгейдегі тұрақты байланыс Қазақстан мен Қытай арасындағы оң қарым-қатынасты дамытудың басты мәні болғанын көрсетті. Жаңа ғасырдың бірінші онжылдығының ортасында Қазақстан –
Қытай қатынастары стратегиялық әріптестік деңгейіне көтерілсе, ол Қытай Халық Республикасы басшыларының үшінші және төртінші буыны – Цзян Цзэминь мен Ху Цзиньтао алдындағы Қазақстан Республикасының беделіне байланысты болғаны даусыз.