ТӘУЕЛСІЗДІККЕ ТАРТУ: ХАЛЫҚТАР ДОСТЫҒЫНЫҢ ДӘНЕКЕРІ БОЛҒАН БАСЫЛЫМ

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында Түркістан төрінде «Жанубий Қозоғистон» облыстық қоғамдық-саяси газетінің 30 жылдығы аталып өтті. Қарымды қаламгер Әлішер Сәт бастаған ұжым газеттің мерейтойын өз деңгейінде ұйымдастырды.

Этно-ауылда өткен шара барысында жұрт назарына көрмелер ұсынылып, кішкентай бүлдіршіндердің тұсауы кесілді. Ұлттық тағамдар әзірлеу бойынша үздік аспаздар анықталды. Тәуелсіздік алған жылдан бастап қоғамның тыныс-тіршілігін дөп басып, ұлтаралық татулықтың дәнекері боп келген басылымның тойы осылайша кең көрініс тапты.

«Бүгінде егемен еліміздің қалыптасуына, аймағымыздың дамуына, қазақстандық патриотизмды нығайтуға, Елбасымыз, Президенттің сындарлы саясатын насихаттауға үлкен үлес қосып келе жатқан және халық пен билік арасын байластыратын алтын көпірге айналған «Жанубий Қозоғистон» газетіне көрсетілген құрмет үшін барлық оқырмандар қауымына және облыс әкімінің бастамасымен өткізілген іс-шараға қатысып, әлеуметтік желілерде ыстық лебіз білдірген барлық әріптестерімізге алғысым шексіз» деді редакция ұжымы.