ТАРИХИ ТҰЛҒА
Сан ғасыр қойнауындағы тарихты жаратушы да, таратушы да қара ормандай қасиетті халық. Тарих жолы қым-қуыт күрделі де алысқа керуен тартқан ұзақ жол. Тарихы жоқ халық дүниеде болған емес. Қай халықтың тарихы мен мәдениеті болсын, оның сан ғасырды бастан кешкен бұралаң да күрделі жолымен сабақтасып жатады. Әр дәуірдің ұзақ ғасырдағы керуен жолы тарих болып таңбаланып бізге жетіп отырған. Қазақ халқынан шыққан ғұламалардың бірі Төле би Әлібекұлының «Өсетін ел тарихын таспен жазады, өшетін ел тарихын жаспен жазады» деген сөзінде терең мән жатыр.
Қазақ халқы қилы-қилы зар заманды, тар жол, тайғақ кешулерді, қанға боялған қырғын соғысты, үркін-қорқынды, ашаршылық жайлаған апатты бастан кешіріп, «мың өліп, мың тірілді». Қазақ баласы қырыққа таяу мемлекетке тарыдай шашылып кетті. Тарих қазақты арлы-берлі көп шайқады. Ақыры бағы бар қазақ халқының маңдайына 1990 жылдың басында тәуелсіз Қазақстан мен тұңғыш Елбасы, ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевты сыйлады.
Білікті ғалым Ақселеу Сейдімбеков: «Тарих көшінің ұлы шеруінде әр ұрпақтың өзіне ғана тиесілі міндеті болады. Ол міндетті сол ұрпақ қана келістіріп атқара алуға тиісті. Себебі, кез келген ұрпақ өзі өмір кешкен кезең үшін өткен мен болашақ арасының жанды көпірі, оның тал бойында өзіне дейінгі сан ғасырдың жүгі бар. Сол жүктің сабақты жібіне дейін қалдырмай болашаққа қол жалғау – жер басып жүрген тірілердің киелі міндеті», — деген салмақты сөз айтқан еді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев мемлекет басқаруда әлемдегі дамыған елдермен бейбітшілік, достық қарым-қатынас, саяси-экономикалық ынтымақтастық орнатып, өзіне тиесілі міндетті абыроймен орындады. Қазақстан халқының ес жиып, етек-жеңін жапқан бақытты кезі – дәл тәуелсіздік алып күллі әлемге танылған, Нұрсұлтан Назарбаев ел тізгінін ұстаған кез.
Атақты әдебиет сыншысы Зейнолла Қабдолов: «Әр адам – зерттелмеген кен, оны зерттеу керек. Зерттеп қана қоймай, сол кеннің көзін ашу керек» дейді. Нұрсұлтан Назарбаевтың ел басқару идеясының кемеңгерлігін зерттеу, тану, насихаттау Қазақстан топырағында өмір сүріп жатқан әр адамның борышы деп санаймыз. Оның «Мәңгілік ел» ұлттық идеясы болашақ ұрпақтарға өнеге болатыны талассыз шындық. Өйткені біз «Қазақстан» және «Нұрсұлтан Назарбаев» деген қос атпен әлемге танылдық. Елбасының ел басқарудағы озық идеясын, асқан ойшылдығын, кемеңгерлігі мен парасатын, ұлы тұлғаны ұлағаттау – халқымыздың ата-дәстүрі.
«Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» мына бейбіт заманда ел аман, жұрт тыныш болса екен.
Нұрлан СӘРСЕНБАЕВ,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі,