ТАРИХЫ ТЕРЕҢ, МӘДЕНИЕТІ БАЙ ОТАН

Қазақтың тамыры терең бай мәдени дәстүрі Қазақстандағы басқа этностық топ өкілдері үшін әлі де ашылмаған құпия болып келеді. Құрманғазының сұлу сырлы күйлері, Мағжанның керемет лирикасы, Мұхтардың эпикалық прозасы, Шоқан ашқан таңғаларлық ғылыми жаңалықтар, Абайдың пәлсапалық ой-толғаулары осынау рухани байлықпен сусындаған әрбір адамның ішкі дүниесін байы татын сырлы әлем емес пе! Қазақ мәдениетінің осындай бай мұрасының тереңіне үңіліп, сырын түсінбейінше, халықтың жанын түсіну мүмкін емес. Мұндай байлықтан, «бұл өзге тілдің мүддесіне нұқсан келтіреді» деген шындыққа жанаспайтын сылтаумен бас тарту – мәдени үдерістің табиғатын түсінбеу деген сөз. Мәдени игіліктің материалдық игіліктен айырмашылығы неде? Мәдениет бастауынан сусындаушылар неғұрлым көп болған сайын, қайнар бұлақтың көзі де ашылып, молая түспек. Қазақ тілі мен мәдениетін танып-біліп, үйренем деушілер де сол қайнар бұлаққа ықыласпен бас қояр болса, тұтастығымыз нығая бермек.

ХХ ғасырдың соңғы жылдарында бүкіл елде ұлттық тарихтың есте қаларлық елеулі кезеңдеріне арналған мемлекеттік іс-шаралар жүргізілді. 1997 жыл – Жалпыұлттық татулық пен саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу жылы, 1998 жыл – Бірлік және ұлттық тарих жылы, 1999 жыл Ұрпақтар бірлігі мен сабақтастығы жылы болып жарияланды. Ел тарихынан ажыратып қарауға болмайтын халқымыздың аяулы ұлдарын еске алып, 1996 жылы – ақын Жамбыл Жабаевтың 150 жылдығын, 1997 жылы – жазушы Мұхтар Әуезовтің 100 жылдығын, 1998 жылы – күйші-композитор Құрманғазы Сағырбаевтың 175 жылдығын, 1998 жылы – ғалым және мемлекет қайраткері Ахмет Байтұрсыновтың 125 жылдығын, 1999 жылы – көрнекті ғалым, академик Қаныш Сәтбаевтың 100 жылдығын кеңінен тойладық. Қазақ мәдениетіне, бай мұрасына, болашағына қамқорлық жасай отырып, қазақ мәдениеті аясында әрбір ұлттың мәдениеті мен тілін сақтадық.

Өзіндік бай тарихы, тілі, діні бар халық, өткенін бүгінінен бөліп қарамауға тиіс. Ол болашақта шығар биіктер мен алар асуларды айқын көре білуі тиіс. Тарихымызда ұлт мақтанышына айналған, ұрпаққа үлгі етер кемеңгер ұлдарымыз көп болған. Сондықтан да халықтың тарихи санасын қалыптастыруға, ұлттық тарихымыз бен мәдениетімізді терең зерделеуге ерекше назар аударылды.