ТАСҚА ТҮСКЕН ТӘУЕЛСІЗ ЕЛ ТАРИХЫ

Қазақстан – қазақ халқының ата-баба мекені, ежелгі қонысы. Бұл жерде ата-бабамыз туды, тұрды, өмір сүрді, оның топырағында ата-бабамыздың кіндігі кесілген кең жазира жері. Бұл жерді мекен еткен көшпелілер мен отырықшылардың бір-бірімен шендескен әлемі ғасырлар қойнауында талай-талай ұлыстар мен ұлағаттарды дүниеге әкеліп, мәдениеті мен діні жаңғыра түлеп, әйгілі күре жолдардың үстінде саудасы қызып, Шығыс пен Батыс арасы тұтастанып жататын болған. Біздің еліміздің жерінен Жерорта теңізінен Қытайға дейін Еуразияны көктей өтіп жатқан «Ұлы Жібек жолының» керуендері тоғысқан кіндік Азияны басып өтетін Қазақстандық телімі болған.

Көшпелі ата-бабамыз өз өркениеті мен төл мәдениетін сақтап қалып, өз мемлекеттігін қалыптастырды. Мемлекеттілік – қазақ халқы үшін ұзақ жылдардағы асыл арман мен асқақ мұраттың жемісі еді. Тарихтың қатпар бетін парақтап, тым тереңдемесек те, Керей мен Жәнібекті ақ киізге көтеріп, хан сайлаған кезеңнен бері де сан түрлі соқтықпалы-соқпақты жолдардан жүріп өттік. 

«Мәңгілік Ел» ұғымының тарихы Түркі қағанаты заманынан (552-745 жылдар) бастау алады. Яғни, ұлы жырау Йоллығ – тегін туындатқан Күлтегін жазуында «Мәңгі елдігіңді сақтайсың, онда түркі халқы тоқ», «Ел ұстап, төрелік еткен», «Ел болсын», «Ел басшысы» дейтін нұсқа сөздер қашалып жазылған. Ғасырлар тұңғиығында адамзат өркениеті тарихындағы ұлы құбылыс ретінде есептелетін түркі жазба ескерткіштерінде Түркі қағанатының байтақ территориясы, мемлекеттік идеологиясы, тілі, әскері, құқықтық жүйесі, тарихы, дәстүрі болғаны келісті баяндалған. «Мәңгілік Ел» мұраты – зайырлы қоғам құру. Елбасы «ұлттың танымын да, тарихын да толғайтын сөз «Мәңгілік Ел болуы керек» деп жазды өзінің «Ұлы Дала ұлағаттары»дейтін салиқалы еңбегінде. Осы орайда Ұлы Дала елі – Мәңгілік Ел – Тәуелсіз Қазақстан дейтін ұғымдардың бір-бірімен терең тамырластығын қапысыз танытқан.
550 жыл бұрын Жәнібек пен Керей құрған Қазақ хандығы алғаш рет өз атауында халық этнонимі бекітілді. Қазақ халқының тәуелсіздік үшін көп ғасырлық күрес жолында ұлы жеңістер мен ауыр жеңілістер болды. Осы үздіксіз күрестің тарихи тәжірибесі «Мәңгілік Ел» өзекті идеясының маңыздылығын – халық бірлігін дәлелдейді. Тарихи дата – Қазақ хандығы құрылуының 550 жылдығын тойлау – өткен, осы және келер шақтың мирасқорлығын және ұрпақтың бабалар алдындағы қазақи мемлекеттіліктің қайнар көзі мерейтойлы датадан бұрын есептелетін мызғымас негізі мен дәстүрін сақтаудағы ерекше жауапкершілігін айрықша көрсетеді.

1991 жылғы 16 желтоқсан – «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Тәуелсіздігі туралы» Конституциялық Заңы қабылданған тарихи күн. Еліміздің бүгіні мен болашағы үшін аса маңызды осы күн туралы кезінде Ұлт көшбасшысы Н. Назарбаев: «…Уақыт – зымыран. Күні кеше өткен оқиғалар бүгінде тарих беттеріне айналып үлгерді. Бұл – жаңа мемлекет пен жаңа қоғамның дүниеге келуінің азапқа толы, сонымен бір мезгілде ғаламат сәті. Сол сәт аяқталған жоқ, бірақ ең қиын белестерден аса білдік. Ең қиын жылдар дәл қазір артымызда қалды, сондықтан да мен еліміздің еңсесі биіктей беретініне сенемін», – деген болатын.

Тәуелсіздік – ұлы мұрат, қастерлі ұғым. Себебі, қаншама халық бұл айтулы күнге жете алмастан тарихи сахнадан біржола жоғалды. Ал, бүгінгі тәуелсіз мемлекеттердің әрқайсысы өз мемлекеттілігін құруда сан қырлы белестерден өтті. Қазақ елі де тәуелсіздікке даңғыл жолмен жеткен жоқ.

Қазақ дейтін бастау үшін бар көшті,

Елі үшін жорық жасап жан кешті.

Бөгенбай да, Қабанбай да, Абылай,

Тәуелсіздік жолын іздеп жан кешті.

Өз кезеңінде алыс-жақын елдерге дербес саяси субъект ретінде белгілі болған Қазақ хандығы көрші алпауыт мемлекеттердің түрлі саяси айла-шарғысының арқасында үш ғасырдан астам уақытқа өз тәуелсіздігін жоғалтып, бодандықтың қамытын кигені тарихтан белгілі. Егеменді ел, Тәуелсіз мемлекет болуды аңсаған халқымыз 200-ден астам көтерілістер мен ұлт-азаттық қозғалыстарды басынан өткерді. Сондықтан, әрбір бүгінгі ұрпақ үшін қандай да болмасын мерекенің, мейрам мен тойдың басы – Тәуелсіздік күні екендігі даусыз, әрі солай болуы да тиіс.