ТАСТАҒЫ КІТАП
Боралдай өзені ағысының жоғарғы тұсында орналасқан петроглифтердің тарихы терең. Петроглифтер- ең кең тараған археологиялық ескерткіштерге жатады. Бәйдібек ауданындағы Боралдай ауыл округі, Теректі елдімекенінің Теректі шатқалының беткейлеріндегі тегіс жартастардағы петроглифтер ежелден бізге жеткен бағалы қазына. Таңбалы тастар шатқалы Теректі елдімекенінен 6 км қашықтықта орналасқан.Петроглифтері бар шоқылар тау етегінен басталып Боралдай өзенінің жағасына дейін созылып жатыр.
Жақында аудандық сәулет -көркем музейінің қызметкерлері ежелгі археологиялық ескерткіштер, яғни петроглифті Теректі шатқалына барып қайтты. Музей қызметкерлері жекелеген тастарда топтасып орналасқан суреттерді тамашалады.
Көнеден, яғни қола дәуірінен бізге жеткен тастағы суреттерде күн таңбасы,салт аттылы адамдар,садақ, бейнеленген.Ежелгі суретшілер қару-жараққа көп көңіл бөлген. Тастағы суреттерде садақ құрылысының ерекшеліктерін, ежелгі заманда ең мықты соғыс құралы болған екі доңғалақты арбаны көбірек кездестіруге болады.Соғыс арбаларының суреттері маңында адамдар мен жануарлар бейнеленген.Боралдай петроглифтерінің арасында қола дәуірінің тағы да бір тасқа қашалған ерекше көрінісі жекпе-жектер көптеп кездеседі. Кейбір суреттерде адамдардың қолдарына таяқ ұстап немесе балта ұстап жануарлардың артынан жәй ғана келе жатқаны бейнеленіпті.Ең бір ерекшесі петроглифтер арасында түйе жетектеген немесе алдына салған адамдар бірнеше рет қайталанады.
«Түйе бейнесі Қаратау петроглифтері арасында кең тараған.Бұл өңірдің қуаңшылық жағдайындағы түйенің шаруашылықта үлкен мән ойнағанын білдіреді.Түйе өсіру қола дәуірінің өзінде –ақ адамның шаруашылық қызметінде маңызы зор болған. Сондықтын түйе қастерлеу объектісіне айналған»-дейді зерттеруші ғалымдар. Ғалымдар Боралдай петроглифтерін зерттеу нәтижесінде қола дәуіріне жатқызады. Ал Боралдай петроглифтерін тұңғыш рет ашқан ғалым П.И. Комаров екенін айта кеткеніміз жөн.
Петроглифтерді «тастағы кітап» деп бекер айтпайды. Қазақстанның басқа да петролифтері секілді Боралдай петроглифтеріне де қамқорлық керек. Өйткені тастағы суреттер үстінен өз аттарын мәселен, «Вова», «Сергей», «Жетісай» тағы да басқа адам есімдерінің жазылғанын көріп қынжылдық. Ата-бабаларымыздан қалған асыл мұра, өткен дәуірден бүгінге жеткен құнды
жәдігерлерді қастерлеп ұстау әрбіріміз борышымыз. Музей қызметкерлерінің Теректі шатқалына келгендегі мақсаты мәдени мұраға қамқорлықпен қарауды насихаттау болатын.
Уақыт өз дегенін жасайды. Сөз басында айтқан биік шоқылар қазіргі таңда шөге бастаған. Арасында сынғандары, тіпті, суреттердің көмескілене бастағандары да бар.Қалай дегенде де қолда бар алтынның қадірін білейік.
Эльмира ЖАМАШОВА,
Түркістан облыстық мәдениет басқармасының Бәйдібек аудандық сәулет –көркем музейінің қызметкері.