ТАУ БӨКТЕРІНЕН ШЫҚҚАН ТАНЫМАЛ КЕЛІН

Табиғаты тамаша Төлеби ауданының келіні Айдана Егеубаеваны (aidana_ibirai) көпке танытқан инстаграм желісі. Бір қарағанда ауылдың қоңыр тіршілігін дөңгелетіп, үлкендердің алдында иіліп жүрген кәдімгі қазақ келіні дерсіз. Дегенмен, Айдананы елдің сүйіктісіне айналдырған шынайылығы, шығармашылығы, іскерлігі дер едік. Нысанбек елдімекеніне ақ босаға аттаған қаланың қызы ә дегеннен ауыл тұрмысына бейімделіп кеткенін айтады. Өзі үлкен әулетте тәрбиеленгендіктен анасы мен жеңгелерінің жанында салт-дәстүрге қанық өскен. Қарашаңырақтын үзілмейтін қонағын қабақ шытпай қарсы алу, ас-дәмін мінсіз дайындау, күнделікті үй тіршілігімен бірге жұмысын қатар алып жүру, сонымен бірге дүниеге ұрпақ әкеліп тәрбиелеу. Міне, осының бәрін ынта-шынтасымен атқарып жүргенін Айдананың үш жүз мыңға жуық оқырманы бар инстаграм парақшасынан байқаймыз. Жас келіннің пысықтығы мен ақ көңіліне тәнті көпшілік оған ақ батасы мен тілегін жаудырып жатады.

Осыдан төрт жыл бұрын, Айдананың желіге тіркелудегі мақсаты халықты жұлдыздардың жылтырақ өмірінен бір сәт демалдырып, түбіміз бір ауыл тіршілігіне оралту еді. Күнделікті өмірінің бір бөлшегіне айналып кеткен ішек-қарын тазалау, ас әзірлеу, тосап дайындау, мал шаруашылығымен айналысу сынды күйбең тірліктерін көппен бөлісіп жүрді. Осылайша ғаламтордағы қазақ контентінде тұңғыш рет «келіндер блогының» шымылдығын түрді деуге болады.

  • Алғашында қорықтым. «Мынау не салып отыр, ұялмай ма?» деп айтатындай көрінді. Солай дегендер де баршылық. Бірақ оқырмандарымның басым көпшілігі мені қолдады, жылы сөздерімен демеді. Менің сиыр сауған, нан жапқан, қорада малдарға жеп-шөп берген суреттеріме қарап ауылға деген сағыныштарын басатындарын айтқанда шабытым арта түсетін», – дейді ол.

Айдана 10 жыл толған келіндік өмірінің сабақ аларлық сәттерімен де бөлісіп отырады. Бірнеше сериялы тағылымды әңгімелерін тағатсыздана күтетін оқырмандары көп. Ауыл келінінің қаламына ілінген негізгі тақырыптар ене мен келін, ерлі-зайыптылар қарым-қатынасы, қоғамдағы әйелдің орны, келіннің жаңа үйге тез сіңісіп кету жолдары т.б. Бұлардың барлығы бүгінгі отбасыларда көрініс тауып жүрген өзекті проблемалар екені шындық. Кезінде инстаграм әлемін имене аттаған блогер келін қазіргі таңда тек танымал емес, табыскер де. Өзінің атаулы конкурстарын бірнеше рет өткізіп, жас келіндерге арналған кітапша авторы атанып үлгерді. Республикалық танымал арналарда бірнеше рет ол туралы арнайы бағдарламалар түсірілді, сұхбаттар берді. Елге танылдым екен деп ене алдындағы міндетін де сырып қойған емес. Он жыл бұрынғы үй тірлігін қалай істесе, әлі күнге сол қоңыр тіршілік жалғасуда. Таңертең алтыда тұрып сиыр сауып, сүт пісіріп, май шайқап, балалар мен отағасының бабын жасап, ауыл мектебіндегі мұғалімдік қызметін абыроймен алып жүрген, сонымен қатар желіде табыс тауып отырған Айдана келін расында көпке үлгі.

Үш ұлдың анасы қоғамдық-әлеуметтік мәселелерде де ояу. Мәселен, Арыс қаласындағы апатты жарылыс, Мақтааралдағы су тасқыны, пандемия таралған сәтте көмекке мұқтаж халықтың қасында болып, керек-жарақтарын түгендеп, өзінің мыңдаған оқырмандарын сауапты іске жұмылдыра білді. Былтырғы Наурыз мерекесінде бүкіл облыс келіншектері мен ақ жаулықты аналардың басын қосып, 300 адамдық «Наурыз той» өткізді. Мұндай ерекше «Наурыз тойды» біздің өңірде тұңғыш рет қолға алған да – Айдана. Мақсаты — қазақ келіндерінің абыройын көтеру, ұлттық киімге қызықтырып орамал тағуға шақыру, осындай шаралар арқылы ұмытылған салт-дәстүрлерге қанық ету.

«Келіні жақсының керегесі алтыннан» деген қазақпыз. Табалдырықты бүгін аттаған ақ келін уақыт өте осы әулеттің ақыл айтар ақ самайлы әжесіне айналады. Бұл белеске дейін ене мектебінде шыңдалып, үлкендердің ақ батасымен көгеру, өсіп-өну әр келіннің басты арманы. Бабадан қалған айнымас мұраны сары майдай сақтап, үлкеннің алдын кеспеген Айдана секілді келіндер әр аймақта көп болса дейміз. Оларды оқырман қауымға таныстырып отыруға әрқашан дайынбыз.

 

Аяулым ТАСТАНБЕК.