ТӘУЕЛСІЗ ЕЛ БЕЛЕСТЕРІ: АЛҒАШҚЫ САЯСИ НАУҚАНДАР

ХII шақырылған ҚКСР -ның Жоғары Кеңесі 3,5 жыл ішінде елге керек 265 заң қабылдады. Салыстырмалы түрде алғанда,бұл – депутаттардың Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы еңбекке, елдің егемендігін бекемдей
түсуге деген ерекше құлшынысын дәлелдейтін көрсеткіш. Мысал үшін айтсақ, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі 1936-1990 жылдар арасында, яғни 42 жылда 450 заң қабылдапты, сонда шамамен жылына 10 заң қабылданған болып шығады. Ал ХI шақырылым төрт жылда 40 заң қабылдапты. ХII шақырылым болса, 3,5 жылда
265 заң қабылдаған. Осы тарихи оқиғалардың бәрі айтыс-тартыс ешбір толастамайтын, қашан көрсең, от болып лапылдап жанып, қазан боп бұрқылдап қайнап жататын Жоғарғы Кеңес қабырғасында жүзеге асты.
Бұл кезең елдің тәуелсіздікке ие болғанына бірер жыл ғана өткен, Одақ ыдырап, зауыт, фабрикалар жұмыс істеуін тоқтатқан,жұртшылық жаппай дағдарысқа ұшыраған, айналысқа енгізілген ұлттық валютаның құны күрт түсіп кеткен қиын кезең еді. Мұндай тығырықтан Жоғарғы Кеңестегі бітпейтін айтыс-тартыстар емес, түбегейлі реформа жасау алып шығатынын Президент Н.Ә. Назарбаев жақсы түсінді. Және өзінің осы ойын депутаттарға түсінікті етіп жеткізе де білді. Тәуелсіз мемлекетке тән басты институттар құрылып, өзінің соған сәйкес
заң шығару міндеттерін орындаған соң және нарықтық экономиканың негізі қаланғаннан кейінгі жаңа тарихи кезеңде елімізде жүргізіліп жатқан реформаларды тереңдету және жылдамдату мақсатында Президентке заң мен заң күші бар.

Жарлық шығару құқын беру туралы заң қабылданған соң Жоғарғы Кеңес өзін-өзі тарату туралы шешім қабылдады. Егемендігімізді бекемдей түсу жолындағы бұдан кейінгі тарихи оқиғалардың барысы бүгінгі күні қолданыстағы Конституцияны 1995 жылғы 30 тамызда өткен бүкілхалықтық референдумда қабылдауға ұласты.
ХII шақырылған ҚР Жоғары Кеңесінде депутаттардың15%-ы тұрақты түрде жұмыс істеді де, қалғандары депутаттық жұмыстары мен қызметтерін ұштастыра жүргізіп отырды. Көктемде, күзде екі айға Жоғарғы Кеңес сессиясына келеді де, басқа уақытта өздерінің тиісті қызметімен шұғылданады. Кезекті сессиядан
кейін біз де елге қайттық. Бұл кезде республиканың астанасында ғана емес, Қазақстанның барлық өңірлерінде саяси науқандардың қызып тұрған шағы. Сол кезеңде қоғамда коммунистік партияның рөлі төмендей бастады. Жариялылық жағдайында партияның кезінде жүргізген солақай саясаты, соның кесірінен жазықсыз адамдардың жапа шеккені, халық жауы деген науқанмен мыңдаған адамдардың атылып кетуі, халықтың күн көріп отырған малын тартып алып, миллиондаған адамдардың аштықтан қырылуына немесе бас сауғалап, шекара
асуына себеп болған жантүршігерлік оқиғалардың бетпердесі ашылып, партияның беделі күннен күнге құлдырай берді. Партия тарихындағы келеңсіздіктердің соңы ақыры КСРО Жоғары Кеңесі депутаттарының талап етуімен Конституцияның 6-бабындағы «Кеңестік қоғамның бағыттаушы, басшылық жасаушы
күші Кеңестер Одағының Коммунистік партиясы болып табылады» деген сөздерді алып тастауға әкеп соқты. Осыған байланысты партияның үлесіне кадр және идеология мәселелерімен айналысу тиді де, халық шаруашылығы мәселелерімен шұғылдануды барлық деңгейдегі кеңестер қолға алды. Сөйтіп Кеңес
билігінің алғашқы жылдары дүниеге келген «Барлық билік кеңестерге берілсін» деген ұран қайта жанданғандай болды. Елімізде билік кеңестерге берілген сайын, аудандық, облыстық партия комитетінің бірінші хатшылары сол кеңестердің төрағасы болып сайланып жатты. Мысалы, мен Арыс аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болғандықтан, сол аудандық кеңестің төрағалығына сайландым. Кейіннен кеңестердің атқарушы билігінің рөлі күшейе бастаған кезде, 1991-1992 жылдар аралығында, бір адамның қолында үш қызмет болды.Мен
аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы, әрі аудандық кеңестің төрағасы, әрі аудандық кеңестің атқару комитетінің төрағасы болдым. Барлық билік бір қолға берілді. Сол кезең бір қиын-қыстау, өтпелі кезең болатын. Кейін партия тарағаннан кейін аудандық кеңестің төрағасы болып жұмыс істедім. Елімізде атқарушы билік туралы жаңа заң қабылданған 1992 жылдың ақпан айынан бастап жергілікті атқарушы билік қызметінің басшысы болып аудандарда аудан әкімшілігінің басшысы, облыстарда облыс әкімшілігінің басшысы атқаратын болды. Кеңестер өкілетті орган дәрежесін иеленді. Әкімшілік басшылары кеңес алдында жылына бір рет есеп беретін болып белгіленді. Біздің облыста ол кезде 23 қалалық, аудандық кеңес бар еді. Олардың қызметі шектеулі болып қалды да, барлық атқарушы билік әкімшілікке берілді. Ал 1993 жылы атқарушы билік тармақтарын жетілдіру мақсатында жаңа заң қабылданып, әкімшілік басшысы деген лауазым «әкім» деген лауазыммен ауыстырылды. Сөйтіп, республика бойынша барлық облыс, қала, аудан, ауыл әкімшілік басшылары облыс, қала, аудан,
ауыл округі әкімдері болып, әкімнің міндеттері, құқықтары заңдастырылды.

ҚУАНЫШ АЙТАХАНОВ,

ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ