ТӘУЕЛСІЗ ЕЛ БЕЛЕСТЕРІ: НАРЫҚТЫҚ ЭКОНОМИКАҒА БЕЙІМДЕЛУ ЖЫЛДАРЫ

Тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарынан бастап еліміз нарықтық экономикаға бағыт алды. Нарықтық экономиканың алғашқы қадамдарында көптеген кемшіліктер жіберілді. Мысалы, жерге қатысты реформа болсын,жекешелендіру мен мемлекет иелігінен алу болсын, ешкім бұрын-соңды шұғылданбаған тың
шаруа, тосын тірлік еді. Сондықтан оларды өмірге енгізу қиындықтар мен кедергілерге тап болып, қателіктерге ұрындырып, ауыр жүріп жатты. Ірі совхоздар мен колхоздар таратылып, жеке қожалықтар, фермерлік шаруашылықтар пайда бола бастаған кезде де қиындықтар алдан шықты. Колхоз-совхоз тарағанда шаруаларға болмашы ғана үлес тиді. Әрі қарай олар өз күнін өздері көруге тиіс болды. Қолындағы малды күнкөріске пайдалану қаншалықты ұзаққа созылсын.
Әрі қарай жұмыс та жоқ, мал да жоқ, халық қалаға ағылды. Ішкі көші-қон осылай туындады.Ал, биліктің халықтың жағдайына қарап, заман талабынан кейін қалғысы жоқ. Мұның уақытша қиындық екенін, нарықтық экономика жолға қойылғанда бәрі қалпына келетінін айтып, түсінік жұмыстарын жүргізеді.
Уақытша қиындыққа шыдамай, бұл бағыттан ауытқуға жол беруге болмайтынын Президент те еске салып, басшыларға: «Неге сендер шаруашылықтарды жекешелендірмейсіңдер, неге совхоз-колхоздарды ұстап оты рсыңдар? Сендер,партократтар, кінәлісіңдер! Бұрынғы партия комитеттерінің хатшыларын әкім
етіп тағайындадық, солар кетпей жекешелендіру толық жүрмейді, олардың ойлауы бұрынғыша, сол себепті жекешелендіру жүрмей жатыр. Ана «қызыл командирлерді»,совхоз директорларын босату керек, солар билікті бермей отыр, билікті қолынан шығарғысы келмейді, колхоз-совхоздарды жекешелендіріп, жеке шаруа қожалықтарын құру керек», – дейді. Біздің облысты басқаруға М.Ф. Үркімбаевтан кейін З.Қ. Тұрысбеков келді. Ол 1993 жылғы желтоқсаннан 1997 жылдың соңына дейін қызмет атқарды. Бұл кезең елдегі жекешелендірудің
қызу қолға алынған кезі еді. Жаңа басшы жоғары жақтың айтқан нұсқауларын бұлжытпай орындауды талап етумен болды. Бәрімізді колхоз-совхоздарды таратуға мәжбүрледі, олай істемегендердің қызметтен кететінін айтты. Нәтижесінде біздің облыста шаруашылықтар түгел жекешеленіп, ұсақ шаруа қожалықтарына
айналды.Мысалы, бүгінде республика бойынша 200 мыңдай ауылшаруашылық құрылымы болса, соның шамамен 70 мыңдай ұсақ шаруашылықтары біздің облыста. Әрбір шаруа өзінің үлесімен, үш, бес, жеті гектар жермен бөлініп шығып жатты. Бүгінгі таңда ауыл шаруашылығы саласында біздің облыс жағдайының
төмен болу себептерінің бірі осы ұсақ шаруа қожалықтарына күштеп бөлініп кетуімізден болды. Тәуелсіздік алғанымызға 30 жыл болды. Осы жылдарда еліміз небір қиын-қыстау кезеңдерді бастан өткізді, бүгінде экономикамыз алға дамуда, халқымыздың әл-ауқаты артуда. Ауыл шаруашылығына мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп, жаңа технологиялар енгізілуде, шаруашылықтарға әр түрлі несиелер мен субсидиялар берілуде. Дегенмен, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруде әлі де 1991 жылдың деңгейіне жете алмай отырмыз. Өйткені шаруашылықтар ұсақталып кетті. Ол жерге ғылым мен техниканың озық жетістіктерін, ауыспалы егісті, жаңа технологияны ендіре алмайсың, техника ескі,жеткіліксіз. Ірілендірілген шаруашылықтарды сақтап қалған облыстарда,әсіресе солтүстік өңірлерде ауыл шаруашылығы қарыштап дамуда. Ал қатты талап қойылып, шаруашылықтарды ұсақ шаруа қожалықтарына айналдырған Алматы, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан облыстарында ауыл шаруашылығының жағдайы әлі төмен. Ал, солтүстік өңірдегі облыстарда бір бөлімше бір шаруа қожалығы болып бөлінді. Ал бір бөлімшеде 10-15 мың гектар жер бар, оның өзі үлкен шаруашылық қой. Кейін әлгі бөлімшелер бірігіп, үлкен шаруашылыққа, акционерлік қоғамдарға айналды. Ауыл шаруашылығында жекешелендіру науқаны жүргізіле бастаған тұста Қазақстанның Премьер-министрі С.А. Терещенко, оның орынбасары, әрі Мемагроөнеркәсіп бастығы Балташ Тұрсынбаев еді.
Жекешелендіруге, шаруашылықтарды бөлшектеуге қарсылық білдірген Б. Тұрсынбаев Қостанай облысының әкімі болып кетті. Ол әкім болып барған жерде өзінің идеясын сол күйінде сақтап қалды. Қазір Қостанай облысының шаруашылықтары ірі. Одан үлгі алған Солтүстік Қазақстан облысының ірілендірілген шаруашылықтары да бүгінде еңбек өнімділігі, тиімді жұмыс жөнінен алда келеді. Осының бәрі тәжірибенің жоқтығынан. Тәуелсіздікке ие болған кезеңде экономикамыз тұралап тұрды ғой. Инфляция кетті шарықтап. Жұмыссыздық белең алды. Жалақы жоқ. Сыртқы байланыстардың бәрі үзілген. Осы қиын кезеңде біз социалистік формациядан екінші бір формацияға – нарықтық экономикаға, яғни капиталистік нарыққа өтіп жаттық. Уақытысында, яғни 1930 жылдардағы ұжымдастыру кезінде халқымыз үлкен трагедияны бастан кешіп еді. Кейіннен ірі совхоздар, колхоздар пайда болды, халықтың жағдайы жақсарды. Ал енді кері, ірі шаруашылықтарды жекешелендіру қолға алынды. Мұндай тәжірибе бұрын-соңды болмағандықтан, көптеген кемшіліктерге жол берілді. Соның салдарынан бұрынғы жетістіктерімізге әлі жете алмай жатырмыз. Әрине, экономиканың басқа салаларында жетістіктер бар. Мұнай-газ саласы қарыштап дамыды, инвестиция келді, дүниежүзі бізді таныды, астанамызды ауыстырдық, қазақты бұрын танымаса енді білді, осының бәрі тәуелсіздіктің арқасы.

ҚУАНЫШ АЙТАХАНОВ,

ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ