ТӘУЕЛСІЗ ЕЛ ТАРИХЫНЫҢ ӘР БЕЛЕСІ ҚЫМБАТ

Тәуелсіз елдің ширек ғасырға жуық уақытта бағындырған белесін көзге ілгісі келмеген бәзбіреулердің «қазақта мемлекет болмаған» деген сөзі қалың көпшіліктің намысын оятып еді. Осы жел сөзге нүкте қою үшін Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Ұлытаудың бауырында тұрып, ұлт жайлы толғанып, Қазақ хандығының 550 жылдығын атап өту туралы бастама көтерген-ді. Бұл оқиға — ел тарихындағы маңызды шаралардың бірі болды. Қазақ хандығының құрылу мерейтойына арналған 700-ден астам аса ірі шаралар өткізілді. Республика көлемінде 50-ден астам халықаралық, республикалық және облыстық деңгейде ғылыми-практикалық конференциялар өткізілді. Ел ішінде 300-ден астам мәдени-спорттық шаралар да мерейтой айшығына айналды. Ал айтулы оқиғаның шымылдығы ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен елордадағы Тәуелсіздік сарайында өткен Салтанатты жиында ашылды.

Мемлекет басшысы атақты Мұхаммед Хайдар Дулатидің деректеріне сүйене отырып, 1465 жылы Қозыбасы тауының етегінде болған тарихи оқиғаға тоқталды. «Керей мен Жәнібек хандар Әбілқайыр ұлысынан бөлініп, Шу мен Таластың арасында Қазақ хандығының шаңырағын көтерді. Алты Алаш анттасып, айрылмасқа сөз байласып, Ұлытауға таңбаларын қашап жазды. Осылайша, тарих сахнасына Қазақ деген халық шығып, ұланғайыр өлке Қазақ жері деп атала бастады. Одан соң қасқа жолды Қасым хан хандықтың іргесін бекітіп, керегесін керді. Хақназар хан шекарасын Еділдің бойына дейін кеңейтсе, Тәуекел хан Түркістан өлкесін түгелдей Қазақ хандығына қаратты. Еңсегей бойлы ер Есім елдің іргесін бекіту жолындағы күресте қолбасшылығымен танымал болды. Салқам Жәңгір хан Орбұлақ түбіндегі шайқаста жоңғарларға ойсырата соққы берсе, Әз Тәуке «Жеті Жарғыны» енгізді», — деді Н. Назарбаев. Айта кетерлігі, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бұдан бұрын: «Қазақ тарихында біз ұялатын ештеңе жоқ» деген еді. Салтанатты жиында сол сөзінің жалғасы ретінде: «Бізге бабалар тұлпарларының тұяғымен жазылған ата тарихының әр парағы ерекше қымбат. Қазақтардың бүгінгі және болашақ буыны оны әрдайым орынды мақтан ететін болады» деп бөлісті. «Тек өткен тарихымен ғана мақтанатын елдің болашағы бұлыңғыр. Әр буын өкілдері ата-баба даңқына даңқ қосып, абыройын арттырып, бүкіл дүние жүзі алдында беделін биіктете білген елдің ғана болашағы жарқын, мерейі үстем болады. Осы тұрғыдан келгенде тәуелсіз Қазақстанның бүгінгі буыны бабалар аманатына адалдық танытып, еліміздің абырой-беделін бұрын-соңды болмаған биікке көтерді деп айта аламыз», — деді Нұрсұлтан Әбішұлы.

Әр қазақтың ғасырлар қойнауындағы тарихын білуі, яғни, осы тарихтың жалғасымыз әрі мұрагеріміз деп жастардың сезінуі — бұл үлкен рухани күш. Сондықтан бұл мерейтойдың бүкіл қазақ халқына бергені мол болды.