ТӘУЕЛСІЗ ЕЛДІҢ АЛҒАШҚЫ ҚИЫНДЫҚТАРЫ
Жас та тәуелсіз мемлекеттің нақты мүмкіндіктері, бірінші кезекте, өнеркәсіп дағдарысымен күресетін қаржысы болмады. Ол жаппай жұмыссыздыққа әкеліп соқты. Оның тағы бір сипаты болды. Формальды түрде қызметкер штатта деп есептелгенімен, оны жалақысыз демалысқа жіберетін. 1991-1995 жылдары мемлекеттік секторда жұмыс істейтіндер саны 1,7 миллион адамға қысқарды. Әсіресе зейнеткерлердің, мүгедектердің, студенттердің жағдайы ауыр еді. Мемлекеттік органдарға көмек сұрап өтінген хаттар мыңдап жазылып жатты.
Сол кезеңнің оқиғалары қиын шақта детструктивтік және популистік күштердің бірден күшейетінін көрсетті. Дағдарыс – арандату үшін таптырмайтын амал: осылайша олар адамдардың санасын жылдам улап, ішкі алауыздықты тудырды. Әсіресе көп ұлтты мемлекет үшін қатерлі жанжалдарға май құюға тырысты.
Қылмыстық ахуал да күшейді. Қылмыстық әлем бұған дейін болмаған, анағұрлым қатыгез әрекеттер мен формаларға ие болды. Ауыр экономикалық дағдарыс тұрғындардың бей-берекет көші-қонына әкеліп соқты және 1990-шы жылдардың бірінші жартысында ол барынша күшейіп, тұтас елді мекендер қаңырап бос қалды. Орташа өмір сүру ұзақтығы 5 жылға дейін қысқарып, бала туу азайды. Дәріханаладарда тіршілікке қажет дәрі-дәрмек болмады: импорт тоқтаған, ал отандық фармацевтика өндірісі елдің дәріге деген сұранысын небәрі үш процентке қанағаттандыра алатын. Кадр мәселесі де асқынып тұрды: жалақының төмендігі мен жаппай миграцияның әсерінен дәрігерлер жетіспейтін еді.
Жыл сайын БҰҰ жүргізетін арнаулы есептерге негізделген Адамның даму индексіне сәйкес, Қазақстан ол кезде тұрмыс деңгейі ең төмен елдер қатарында тұрды.